Елордада дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысы ашылды
Бүгін елордадағы Барыс Арена спорт сарайында дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam әлемдік жарысының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Мерекелі іс-шараға Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин, Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) бас директоры Влад Маринеску және Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев қатысты.
Құрметті спорт сүйер қауым! Құрметті қонақтар! Сіздерді Қазақстан Республикасының Үкіметі және бүкіл спорт қауымы атынан дзюдодан Qazaqstan barysy Grand Slam халықаралық турнирінің салтанатты ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл турнир ресми спорт және дене шынықтыру іс-шараларының бірыңғай күнтізбелік жоспарына енгізілгенің атап өткім келеді.
Өздеріңіз білесіздер, Қазақстанда спортты дамытуға үлкен көңіл бөлінеді. Елімізде халықаралық деңгейдегі көптеген жарыстар жүйелі түрде өткізіліп тұрады. Айтулы жарысты Астанада өткізу және қатысу арқылы спортшылар арасындағы мықты бәсекелестік пен спортқа қаншалықты көңіл бөлінетінін көрсетеді.
Бүгінгі халықаралық жарысқа 42 елден 300-ден астам спортшы қатысуда. Бұл біздің еліміздегі айтулы оқиға екені сөзсіз.
Жалпы, мұндай тартысты турнир мемлекеттер арасындағы достықты нығайтып, халықты жақындастырады. Осы мүмкіндікті пайдаланып. Халықаралық дзюдо федерациясына еліміздегі ірі спорттық жарысты ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтқым келеді.
Бүгінгі жарыс тәжірибелі дзюдошылардың да, спортқа енді қадам басқан жас спортшылардың да тәжірибесін сынайтынына сенімдімін. Сондай-ақ салауатты, белсенді өмір салтын насихаттап, өскелең ұрпақтың дзюдоға деген қызығушылығын арттырады. Барлық қатысушыларға тарихқа енуіне шын жүректен тілектеспін-, деді Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, дүбірлі додаға әлемнің 42 елінен 334 ең мықты, үздік деген татами шеберлері жиналды.
Қатысушылардың қатарында Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері Нора Гьакова (Косово), Фабио Базиле (Италия), Кисикью Сарах (Франция), Гурам Тушушвили (Грузия), Ван Дайк Санни (Нидерланды), Одетте Гюффрид (Италия), сондай-ақ әлем чемпиондары мен жүлдегерлері Ассунто Скутто (Италия), Неманья Майдов (Сербия), Бека Гвиниашвили (Грузия), Ким Вон Джин (Оңтүстік Корея) бар.
Ал Қазақстан намысын әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев, бірнеше әлемдік Grand Slam және Гран-при жарыстарының жеңімпаз-жүлдегерлері Жансай Смағұлов, Нұрқанат Серікбаев, Данияр Шамшаев, Ғалия Тынбаева, Ислам Бозбаев бастаған бірқатар дзюдошылар қорғайтын болады.
«Qazaqstan barysy Grand Slam» турнирінде дзюдошылар 2024 жылы Парижде өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін ұпай жинайды.
Қазақстан дзюдо федерациясы мен Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) екіжақты келісімшартына сәйкес, Қазақстан әлемдік Grand Slam жарысын 2023-2026 жылдар аралығында қабылдайды.
Айта кетсек, байрақты бәсеке «Барыс Арена» спорт кешенінде 18 маусымға дейін жалғасады. Үш күнге созылатын байрақты бәсекеге кіру тегін.