Елордада қазақ күресінен әскери қызметшілер арасындағы әлем чемпионаты басталды

Астана төрінде тарихымызда тұңғыш рет әскери қызметшілер арасындағы қазақ күресінен CISM әлем чемпионатының шымылдығы түрілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Астанадағы жаһандық додаға арнайы келген елдердің қатарында Пәкістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Тунис, Ресей, Италия, Түркия, Марокко, Молдова, Үндістан, Қырғызстан, Қазақстан, Моңғолия, Қытай, Бразилия, Тайланд, Өзбекстан, Тәжікстан, Камерун, Гана, Эфиопия, Венесуэла, Иран және тағы басқалар бар.

Чемпионаттың бағдарламасына сәйкес, спортшылар 16 салмақ дәрежесінде (ерлер – 8, әйелдер – 8) бозкілемге шығады:
Ерлер: 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100 және +100 келі.
Әйелдер: 48, 52, 56, 60, 65, 70, 77 және +77 келі.
Айта кетсек, бұл чемпионатта ел намысын ҚР Қарулы күштері мен Мемлекеттік күзет қызметінің таңдаулы балуандары қорғап жатыр. Бұл чемпионатта Қазақстан Республикасының намысын қорғайтын ұлттық құрама 2025 жылдың басында Алматы қаласында өткен әскери қызметшілер арасындағы іріктеу чемпионаты негізінде жасақталған болатын.
Құраманың негізін – әлем және Азия чемпиондары, сондай-ақ Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мен Дүниежүзілік жекпе-жек ойындарының жеңімпаз-жүлдегерлері құрайды. Мәселен, Бекжан Төлепов – 2022 және 2025 жылғы әлем чемпионы, Жұмажан Қожамбеков – әлем және Азия чемпионы, Рауза Нұрмахамметова – әлем чемпионы, Көшпенділер ойындарының жеңімпазы, Зарина Сарипова – әлем чемпионы, бірнеше дүркін ҚР чемпионы және тағы басқалар.
Qazaq kuresi Ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосынов аталмыш мәртебелі жарыстың маңыздылығын атап өтті.
«Қазақ күресі – біздің ұлттық болмысымыздың коды. CISM сияқты беделді ұйымның күнтізбесіне енуі – төл күресіміздің әлемдік деңгейде тағы бір мәрте мойындалуы. Өз кезегінде чемпионаттың Астанада өтуі – Қазақстанның халықаралық спорт қауымдастығындағы беделін арттыра түседі. Бұл – болашақта қазақ күресін Азия ойындары мен Олимпиада бағдарламасына енгізуге бастайтын нақты қадамдардың бірі», - деді Дамир Әсенғазыұлы.

Өз кезегінде Қазақстан армиясының Орталық спорт клубының басшысы, полковник Арман Әбеуовтің айтуынша, бұл чемпионаттың Халықаралық әскери спорт кеңесі (Conseil International du Sport Militaire) аясында өтуі бұл іс-шараға ерекше мәртебе беріп отыр.
«Бұл – тек спортшылардың емес, бүкіл әскери құрылымның имиджін көтеретін дода. Біз қауіпсіздік пен ұйымдастырудың барлық қырын пысықтадық. Қатысушылардың жайлы орналасуынан бастап, жарыс алаңындағы әр минуттың үйлесімді өтуіне дейін қатаң бақылауда. Біздің сарбаздар намысты қолдан бермеуге дайын. Аталмыш чемпионат жоғары дәрежеде өтсе, қазақ күресін CISM-нің тұрақты чемпионаттар бағдарламасына енгізу және 2027 жылы АҚШ-та өтетін Дүниежүзілік әскери ойындардың қатарына қосу мәселесі ресми деңгейде қаралатын болады», - деді Арман Сайлауұлы.
CISM – әлемдегі ең ірі көпсалалы спорт ұйымдарының бірі. Бүгінде 140-қа жуық елдің әскери қызметшілерін біріктіретін бұл ұйым қазіргі таңда Халықаралық Олимпиада комитетінен кейінгі ең ықпалды спорттық қауымдастықтардың бірі саналады.



