Bolashaqqa Jol: Триатлон саябағында ерекше веложарыс өтті
Демалыс күндерін тиімді өткізу мақсатында «Триатлон» саябағында веложарыс өтті деп, хабарлады Elorda info.
Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» ЖРО» КММ Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен және де «Winox» фитнес-клубымен бірлесіп, салауатты өмір салты қажеттілігі идеясын қалыптастыруға бағытталған «Bolashaqqa Jol» жобасы аясында екінші мәрте веложарыс шарасы ұйымдастырылды.
Аталмыш шарамыз Конституция күніне тұспа-тұс келіп тұр. Веложарыста жастарымыздың бос уақытын тиімді өткізуге басымдық береміз. Жасөспірімдеріміз түнгі клубта емес, таза ауада, спортпен айналысуын кез-келген ата-ана қалайтыны сөзсіз. Сондай-ақ, іс-шара аясында кішкентай балаларға жақсы көңіл-күйді сыйлау мақсатында диджейдің қатысуымен естен кетпес шоу-бағдарлама, пена пати мен зумбадан мастер-класстарды өткіздік.
Бұл идея қайдан келді? Біз өзіміздің фитнес-клубымыздың мүшелерімен бірге әр аптаның сенбі күндері таза ауада жаттығатынбыз. Қатарымыз артқан соң, жағымды атмосфера, спортты жанына серік достар бір-бірін тану үшін, 2022 жылы жүгіру және веложарысты өткіздік. Ол сәтте қатысушылардың барлығы дерлік, үлкен жастағы азаматтар еді. Биыл ересектермен қатар жастар, балалар, отбасылық эстафета сайыстарын қостық.
Спорттық ортаның арқасында достарымыз елордада өтетін триатлон, велоспорт, жүгіру т.б іс-шаралардан қалмайды. Осы арқылы жастарға дұрыс тәрбие сыйлауды басты мақсат етеміз, - деді, «Winox» фитнес-клубының директоры Юлия Пчулаева.
Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» ЖРО» КММ басшысы Шыңғыс Тілеулин жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға барысында ай сайын кемінде бір спорттық іс-шара өткізетіндігін айтты.
Елорданың 400 мыңнан астам тұрғыны 14-35 жастағы жастарды құрайды. Өкінішке қарай, соңғы жылдары жасөспірімдер арасында синтетикалық есірткіге деген тәуелділік және т.б жаман әдеттерге деген тәуелділіктері артып кетті. Алдағы жылдары осы іс-шара дәстүрлі түрде өтеді деп, сенемін, - деді Шыңғыс Тілеулин.
Веложарыс барысында әділдік болу үшін, қала ішіңдегі жүретін велосипедпен жарысуға рұқсат етілді.
Нәтижесінде жасөспірімдер арасындағы жеңімпаздар анықталды:
1-орын — Рауан Ибраим (14 жас)
2-орын — Таржанов Николай (17 жас)
3-орын — Абраменко Данил (14 жас)
Веложарысқа 100-ге жуық адам қатысты.