Бочча: Астана қаласы командалық бәсекеде чемпион атанды
Боччадан ел чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлады Elorda.info.
Боччадан Астанада өтіп жатқан үшінші ел чемпионатының шешуші жұптық және командалық сайыстар бойынша жеңімпаздары анықталды.
Астана қаласының жүлдегерлері:
Ересектер. Жұптық сайыс
BC3 класс
2-орын. Нұралы Нұрманқұл, Ярослав Осипенко (Астана қ.)
Ересектер. Командалық бәсеке
1-орын. Итиана Шыңғысқызы, Меруерт Тілебалды, Ерхат Алмат (Астана қ.)
Елімізде бочча спортының негізін қалаушы Сұлтанбек Орынбасаровтың алғашқы шәкірттерінің бірі едім. 7 жылдан бергі уақытта Қазақстан чемпионатының жеке сайысында 2 мәрте қола жүлдеге ие болдым. Биыл бірінші рет командалық сайыс өткізіліп, өзім аңсаған чемпион атағына қол жеткіздім, - деді астаналық спортшы Ерхат Алмат.
Шынында да, 2023 жылы ел чемпионатына 47 адам қатысса, биыл 89-ға жеткен.
Биылғы жарыс өте жоғары деңгейде өтті деуге негіз бар. Себебі, былтырғыға қарағанда қатысушылардың саны 2 есеге көп болды. 12 өңірден арнайы қатысты. Олардың ішінде БҚО, Түркістан облысы бірінші рет бақ сынады. Сондай-ақ, жарыс барысында электронды табло қолданылды. Бұның бір ерекшелігі – турнирдің онлайн нәтижесін өзге елдер де көре алды. Осылардың барлығы елімізде боччаның жақсы деңгейде дамып жатқанын көрсетеді. Барлықтарыңызды құттықтаймын! - деді ҚР Парламент Сенатының төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев.
Енді жерлестеріміз үшін осы жылғы басты жарыс саналатын әлем чемпионаты 14-22 қараша күндері аралағында Бахрейннің Манама қаласында өтеді.