Бас бапкер дзюдодан әлем біріншілігін қорытындылады
Дзюдодан Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Ерлан Алпысбаев Әбу-Дабиде өткен әлем біріншілігін қорытындылап, команданың нәтижесін саралады, деп хабарлады Elorda.info Ұлттық Олимпиадалық комитетіне сілтеме жасап.
Бас бапкердің пікірінше, спортшылар бұл жарыстан үлкен тәжірибе жинаған.
«Ерлерге қарағанда, қыздар командасын көтеру оңай емес. Абибаның өзін осы деңгейге шығаруға 5 жыл уақыт кетті. Көп қаражат, көп жаттығу қажет.
Әлем чемпионатын бір қоламен аяқтадық. Ғалия Тынбаеваға да сенім артып едік. Ол Астанадағы турнирден соң қалпына келе алмады.
Екатерина Токарева жайлы да солай айтамын. Дегенмен, қыздарымыздың аяқ алысы жаман емес. Мұндай ірі жарыстар психологиялық тұрғыдан үлкен күш береді. Әрі үлкен тәжірибе жинайды», - деді бас бапкер.
Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы бір қола медаль жеңіп алды. 48 келідегі Абиба Әбужақынова үздік үштікке енген болатын.