Қазақстандық шахматшылар әлем чемпионатында топ жарды
Италияның Монтесильвано қаласында шахматтан кадеттер арасындағы әлем чемпионаты мәресіне жетті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Биылғы бәсекеде де біздің шахматшылар айрықша жеңісімен көзге түсті. Атап айтар болсақ, 10 жасқа дейінгі жас санатында Аланна Берікқызы әлем чемпионы атанды.
Еске сала кетейік, Аланна былтыр Грекияның Родос қаласында 9 жасқа дейінгі санатта классикалық шахматтан әлем чемпионы атанған.
Ұлдар арасында (U12) Марк Смирнов ең көп ұпай жинап, бас жүлдеге қол жеткізді. Тағы бір отандасымыз Ханзада Аманжол 12 жасқа дейінгі санатта күміс жүлдегер атанды (қосымша көрсеткіш бойынша әлем чемпионатында екінші орынды иеленді).
Айта кетейік, Апенин түбегіндегі чемпионатқа 77 елден ойыншылар жиналды.
Жалпы командалық есепте Қазақстан командасы 2 алтын, 1 күміс жүлденің арқасында 1-орын алды. Қытай шахматшылары 2-ші (2 алтын, 1 қола) сатыға тұрақтаса, үздік үштікті Үндістан 1 алтын, 1 қола медальмен түйіндеді.