«Қайрат» чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шықты

Словакия астанасы Братиславада Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінің қарымта матчы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қазақстан чемпионы «Қайрат» словакиялық «Слован» командасымен кездесті.
Алғашқы кездесуде алматылықтар 1:0 есебімен жеңіске жеткен еді.
Ойынның бірінші таймында алаң иелерінің футболшысы Роберт Мак есеп ашып кетті. Ойын соңына дейін, онымен қоса, экстра-таймда да есеп өзгермей, текетірес тағдырын пенальти сериясы шешті.
Қазақстандық команда сапынан Валерий Громыко он бір метрден мүлт кеткенімен, қарсылас сапынан екі футболшы пенальтиді орындай алмай қалды. Александр Заруцкий бір сейв жасаса, Астананың экс-футболшысы Тигран Барсегян қақпадан қиыс теуіп алды.
Осылайша, Рафаэль Уразбахтиннің командасы тарихи нәтижеге қол жеткізді. Дәл осы маусымдағыдай «Қайрат» еурокубокта ұзаққа бармаған. Күзде ел чемпионы кемі Еуропа лигасының жалпы кезеңінде өнер көрсетеді.
Айта кетейік, плей-офф кезеңінде «Қайрат» шотландиялық «Селтик» командасымен ойнайды. Плей-оффтың алғашқы матчтары 19-20 тамызда өтеді, жауапты кездесулер 26-27 тамызға жоспарланған.



