Астаналық балуан әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды
Астаналық балуан Жәмилә Бақбергенова Сербия астанасы Белградта өтіп жатқан күрестен әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды, деп хабарлады Elorda.info Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Ұлттық құрама көшбасшысы Наталья Ивона Стшалканы (Польша) 4:1 есебімен жеңді. Бұл 27 жастағы спортшының дүниежүзі бәсекесіндегі қатарынан 3-жүлдесі. Ол 2019 жылы Ослода, былтыр Белградта күміс жүлдеге ие болған. Жәмилә – мұндай нәтижеге қол жеткізген әйелдер арасындағы тұңғыш қазақ балуаны.
Айта кетейік, Бақбергенова чемпионатты 1/8 айналымнан бастап, Еуропа чемпионатының қола жүлдегері Фанни Нагидың (Сербия) жауырынын жерге тигізіп, сосын ресейлік Ксения Бураковадан айласын асырды (7:1). Алайда жартылай финалда Даваанасан Энх Амарынға жол берді.
Осы тұста Жәмилә Бақбергенова (72 кг салмақта) сары құрлық бəсекесінде 3 мəрте жеңімпаз атанған тұңғыш қазақ балуаны екенін айта кетейік. Қазір оның еншісінде Азия чемпионатының 5 медалі бар (3 алтын, 1 күміс, 1 қола).
Спортшы чемпионаттан кейін Ұлттық құрамамен елге оралып, Қытайда өтетін ХІХ жазғы Азия ойындарына дайындықты бастайды. Ханчжоу қаласында ол Олимпиада бағдарламасына кіретін 76 кг салмақта бақ сынап, тәжірибелі Эльмира Сыздықованың орнын жоқтатпауға тырысады.
Жалпы Сербия астанасындағы балуандар додасы 24 қыркүйекте мәресіне жетеді. Осы аралықта 77 мемлекеттен жиналған 1000-ға тарта спортшы кім мықтыны анықтап жатыр.