Астанада парахоккейден әлем чемпионаты басталды

Бүгін, 16:52
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views60
Астанада парахоккейден әлем чемпионаты басталды
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Астанадағы «Тарлан» спорт кешенінде парахоккейден әлем чемпионаты өтіп жатыр. Алты команда үздік дивизионға жолдама үшін сынға түсуде, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жарысқа Қазақстан, Жапония, Швеция, Италия, Франция және Финляндия құрамалары қатысуда.

Ережеге сәйкес, әр команда бес ойын өткізіп, барлық қарсыласымен кездеседі. Екі үздік құрама «А» дивизионына жолдама алады, ал соңғы орынды иеленген команда «С» дивизионына түседі.

Айта кетейік, «В» тобы арасындағы әлем чемпионаты Астанада екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін дәл осындай турнир 2023 жылы өткен болатын.

Халықаралық парахоккей федерациясының техникалық делегаттар жетекшісі Питер Андерссонның айтуынша, осы чемпионаттың үздік командалары Паралимпиадаға жолдама үшін іріктеу кезеңінде бақ сынауға мүмкіндік алады.

«Осы жолғы жарыстар жоғары деңгейде өтетініне сенімдімін. Бұл чемпионат – маусымдағы маңызды турнирлердің бірі. Оның аясында 2026 жылғы Милан-Кортинадағы XIV қысқы Паралимпиада ойындарының іріктеу турниріне екі жолдама беріледі. Іріктеу кезеңі 2025 жылғы 5-10 қараша аралығында Норвегияның Йессхейм қаласында өтеді. Сол жерде Паралимпиадаға қатысу лицензиялары сарапқа салынады», – деді ол.

Чемпионаттың ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтті.

«2024 жылдан бастап парахоккей бойынша ұлттық штаттық құрама құрылды. Соның нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың спортпен айналысу үлесі жыл сайын артып келеді», – деді ол.

Турнир ҚР Туризм және спорт министрлігінің, Астана қаласы әкімдігінің, Қазақстанның Ұлттық паралимпиадалық комитетінің, Sport Qory қоры мен «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қолдауымен ұйымдастырылып отыр.