00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астанада мүмкіндігі шектеулі жандар шаршы тақтада сайысқа түсті

Астанада мүмкіндігі шектеулі жандар шаршы тақтада сайысқа түсті
Фото: Қанат Байұзақов

Мүгедектер күніне орай Паралимпиада орталығында шахматтан командалық бәсеке өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Елорда төрінде 2018 жылы ашылған заманауи Паралимпиада орталығы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін көптеген дүниеге есік ашып, бірнеше параспорт түрімен айналысуға мүмкіндік береді. Бүгін мүгедектер күніне орай Алматы ауданының шахматшылары командалық сында өзара мықтыны анықтады. Бұл жерде тірек-қимыл аппараты бұзылған, көру қабілеті төмен, есту қабілеті нашар 40-қа жуық әуесқой спортшы шаршы тақтада сайысты.  

«Алматы ауданы әкімінің кубогі үшін алғаш рет шахматтан командалық сайыс өтіп жатыр. Бастапқы жоспарымыз бойынша, әйелдерде – 3, ерлерде– 5 команда болады деп ойлағанбыз. Алайда жарысқа қатысқысы келетіндердің саны артты. Бұл үстел жағынан сәл қиындық тудырғанымен, бәсекелестік жағынан тартысты арттырады. Жеке жұмыстарына байланысты келе алмай қалған қаншама жандар бар. Жалпы Паралимпиада орталығында аптасына тұрақты түрде 3 мәрте жаттығу өткіземіз. Ал турнирдің командалық ретінде өтуінің өзіндік себебі бар. Біріншіден, жеке сайыстар бұған дейін өтті. Екіншіден, командалық сайыста өзара байланыс артып, қарым-қатынас күшейеді. Үшіншіден, уақыт жағынан да өте қолайлы. Рапид бәсекесі бойынша әр ойыншыға 20 минуттан уақыт беріледі», - деді Елорда спорт клубының шахмат жаттықтырушысы Сағынбай Дәуренбеков.

Қатысушылардың арасында өзге параспорт түрлерімен шұғылданатын адамдар да жеткілікті. Мысалы, Айдар Саташев шахматтан бөлек, Showdown үстел теннисінен Қазақстан чемпионатында 3 жылдан бері ешкімге дес бермей келе жатыр. Оның айтуынша, өзге спорттағы әдіс-тәсілдер де жетістікке жетуге септігін тигізеді екен.

Айта кетейік, шахмат ойыны Азия Пара ойындары сынды ірі құрлықтық жарыстардың бағдарламасына енгізілген. Осындай турнирлер Астана қаласында мықты жандарды қалыптастырып, республика деңгейінде ғана емес, халықаралық додаларда да ел намысын қорғайтынына сенеміз.