Астанада Funny Sport жобасы аясында флорболдан сайыс өтті

Бүгін, 13:19
Қанат Байұзақов Қанат Байұзақов
views62
Астанада Funny Sport жобасы аясында флорболдан сайыс өтті
Фото: Қанат Байұзақов

Елордада бұқаралық спортты дамыту мақсатында екінші жыл қатарынан Funny Sport жобасы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

12-21 қыркүйек аралығында өтетін жобада қала тұрғындары қаламыздың әр түкпірінде флорбол, BMX, скейтбординг, отбасылық эстафета, жүгіру, аула ойындарында бақтарын сынап, Street Workout, инклюзивті шеберлік сабақтары бойынша мамандардан тәлім алады.

Осы орайда бүгін Қажымұқан көшесі көпірінің астындағы  Street Hockey алаңында 2011-2012 жылы дүниеге келген жасөспірімдер флорболдан сынға түсті.

«Funny Sport жобасының өткен маусымын мұз айдынында (Cross Ice Hockey) өткізген едік. Ал биыл далада флорбол ойынын ұйымдастыруды жөн көрдік. Аталмыш спорттың ерекшелігі - кез келген жерде өткізе беруге болады. Ең бастысы, төсеніш жақсы болса жеткілікті. Бұл ойын Еуропада өте танымал. Ал Қазақстанда енді ғана дамып келеді. Ойын жағынан шайбалы хоккей мен көгалдағы хоккейге қатты ұқсас. Айырмашылығы - бір-бірімен соғысу қаупінің төмендігі», - деді Астана қаласының әуесқой лигасының өкілі Абай Мукушкин.

Олимпиада бағдарламасына кірмейтін командалық спорт түрі бейне бір хоккейден еш айырмашылығы жоқтай көрінеді. Алаңда 4 ойыншы мен 1 қақпашы болуға тиіс. Ал шайбаның орнына салмағы жеңіл кішкентай доп қолданылады және конькидің орнына спорттық аяқ киіммен ойнауы тиіс. Алаңның аумағы да бірнеше есе кішкентай.

«Бір күнге жалғасатын бәсекеде 10 команда сайысқа түсіп жатыр. Оларды жас ерекшелігіне байланысты 2010 және 2011 жылдар арасында жеңімпаздарды жеке-жеке анықтаймыз. Қатысушылардың барлығы дерлік хоккейшілер. Олар үшін флорбол таңсық емес. Жаттығу барысында да осы ойынды ойнап, тактикалық шеберліктерін арттырады», - деп түйіндеді жарыс ұйымдастырушысы Абай Мукушкин.

Айта кетейік, былтырғы Funny Sport марафонына 1500-ден астам қала тұрғыны қатысқан болатын. Биылғы іс-шаралар да кем түспейтіндей жарқын әрі ауқымды болмақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жалпы 1000-нан астам адамның қатысуы күтіледі.

Спорттық іс-шаралар бойынша толық ақпаратты funnysport.asia ресми сайты және funnysport.kz Instagram парақшасынан біле аласыздар.