Астана қаласы велотректен VI жастар ойынында топ жарды

Астана қаласы велотректен VI жастар ойынында топ жарды
Фото: Қанат Байұзақов

Велотректен 26-31 шілде аралығында елордадағы «Сарыарқа» велотрегінде жалғасқан VI жастар ойыны мәресіне жетті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Төрт жылда бір өтетін биылғы бәсекеде еліміздің 14 өңірінен 263 спортшы бас қосты. 

Жарыс барысында 9-14 жас аралығындағы қатысушылар спринт, кейрин, омниум, мэдисон және т.б. сайыс түрлерінен мықтыны анықтады.

Айта кетейік, елорданың №6 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебі велошоссе, велотрек, маутинбайк бойынша 421 жас спортшыларды дайындап жатыр. Оның ішінде 17 спортшы VI жастар ойынында велотректен сынға түсті.

«4 жылда бір мәрте ұйымдастырылатын жастар ойындарында жүлдегерлер қатарынан көріну - үлкен жетістік. Бес күнге жалғасқан бәсекеде 4 рет чемпион атандым. Сөзбен айтқанда барлығы оңай болып көрінуі мүмкін. Алайда осы спортқа түпкілікті бет бұру үшін, қаншама мәрте секцияға кіріп-шығып жүрдім. Тек соңында ұстазым егер тағы шығатын болсаң, есік жабылады деді. Міне, содан бері 9 жыл бойы велоспортпен айналысып келемін. Мақсаттарым үлкен. Бұйырса, алдағы уақытта Қырғызстан, Испания, Италияда оқу-жаттығу жиындарына қатысып, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына бабында баруға тырысамын», - деді 2024 жылы «Жылдың үздік спортшысы» атағын жеңіп алған елордалық шабандоз Мұрат Куйтенов.

Турнир қорытындысы бойынша, Астана қаласының спортшылары 10 алтын, 9 күміс, 6 қола медаль алып, жеке дара көш бастады. Бұл көрсеткіш кездейсоқ емес. Жыл сайын елордалық велоспортшылар ел ішінде үздіктер екендігін дәлелдеп келеді. Мысалы, 2024 жылы Қазақстан велоспорт федерациясы Астана қаласын «Үздік өңір» атағына лайық деп таныды.

Велотректегі жетістіктердің арқасында Астана қаласы 34 түрлі спорт түрінен өтіп жатқан VI жастар ойынының жалпы есебінде 2-орынға көтерілді.

Алдағы уақытта VI жастар ойыны аясында су добы, таеквондо, желкенді спорт, каноэ мен байдаркада ескек есу, грек-рим, еркін күрес, әйелдер күресінен жүлделер сарапқа салынады.