Фируза Шәріпова: Басты мақсатым – абсолютті әлем чемпионы атану
Бүгін Астанада Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайында «Тараз-Арена» кешенінде 20 мамырда болатын бокс кешіне арналған баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Бұл кештің басты оқиғасы WBC Silver атағы үшін қазақстандық кәсіпқой боксшы Фируза Шәріпова мен Малави чемпионы Рут Чисейл арасындағы кездесу болмақ.
Баспасөз мәслихатына бокстан әлем чемпионы, Тараз қаласының тумасы Фируза Шәріпова, менеджері Сергей Завилейский және «Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі, грек-рим күресінен Азия чемпионы, Лондон Олимпиадасының қатысушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Асхат Ділмұхамедов қатысты.
Фируза Шәріпова болашаққа арналған батыл жоспарлары туралы айтып берді. Ол жақын күндері жаттығу жұмыстарын өткізу үшін Санкт-Петербург қаласына бармақ.
Жекпе-жектің менің туған қалам Таразда өтетініне өте қуаныштымын. Онда мұндай ауқымдағы шара алғаш рет өткелі отыр. Бұл менің өмірімдегі ең маңызды оқиғалардың бірі болмақ. Өйткені бұл айқастағы жеңіс маған абсолютті әлем чемпионы атағы үшін келесі жекпе-жекте жұдырықтасуға мүмкіндік береді. Мен бұл жекпе-жекте жеңіске жететініме сенімдімін, - дейді қазақстандық спортшы қыз.
Айта кетейік, 20 мамырдағы кездесуде басым түсіп, жеңіске жеткен боксшы Кэти Тейлормен абсолютті әлем чемпионы атағына таласатын міндетті үміткер болмақ.
Кэти Тейлормен кездесуді асыға күтіп жүрмін. Басты мақсатым – абсолютті әлем чемпионы атану, - деді Фируза Шәріпова.