00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«Қайсар» футбол клубы Премьер-лигаға шықты

31 наурыз, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Қайсар» футбол клубы Премьер-лигаға шықты

Қызылорданың «Қайсар» футбол клубы Премьер-лигаға шықты, деп хабарлады Elorda.info.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев орталық стадионда өткен «Қайсар» мен «Жетісу» командаларының ойынына барып, жанкүйер болды.

Қос команда арасындағы ойын тең есеппен аяқталды.

Ойын аяқталғанан кейін белгілі футболшы, Сыр елінің мақтанышы Мақсат Байжановтың үлкен спортпен қоштасу рәсімі өтті. Шараға арнайы Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының президенті Рохус Шох, сала басшылары, Сыр спортының жанкүйерлері қатысты.

Облыс әкімі Мақсат Байжановтың еңбек жолы жастарға үлгі екенін айтып, қайсарлықтарды Премьер-лигаға шығуымен құттықтады. Спорт жанашырлары үшін ақжолтай жаңалықты жеткізіп, жаңа стадион салу бастамасы қолға алынатынын айтты.

Ресейдің Краснодар қаласында былтыр бір жыл ішінде 10 мың орындық 12 миллион долларға жабық стадион салынған екен. Келесі жылы біз де сондай жаңа стадион құрылысын бастауға ниеттіміз. Бұл ұсынысты жерлестерім, ірі компаниялар мен кәсіпкерлер қолдайды деп сенемін.

Бүгін Сыр спортының саңлағы, доп додасының дарабозы Мақсат Байжановтың үлкен спортпен қоштасу рәсіміне жиналып тұрмыз. Мақсаттың спорттық межесі өз мерейімен айшықтылады. Ол жеңісті де, жеңілісті де бастан кешірген, бірақ жеңісі үстем, көргені көп, түйгені мол тарланбоз жігіт.

Байжановтың бабы ел біріншілігінде 500-ге жуық ойын өткізіп, 80-ге жуық гол соққан мергендігімен де көрінді. Сондай қысылтаяң шақта команда жауапкершілігін арқалаудың аманаты ауыр болады. Міне, Мақсаттың мықтылығы осынысымен озық тұр. Сол себепті жанкүйерлер оны құрметтейді, қаншама жас буын оған қарап бой түзеуге тырысады.

Сыр спорты жасай берсін! Алға «Қайсар»! Алға Қазақстан! - деді Н.Нәлібаев.

Мақсат Байжанов кәсіби футболшы ретінде 2002 жылы «Қайсар» футбол клубынан бастап, Қазақстан Премьер-лигасының 7 клубында өнер көрсетті. Атап айтқанда, «Қайсар», «Ертіс», «Ақтөбе», «Локомотив», «Атырау», «Жетісу», «Шахтер» командаларында ойнады. Техникалық жағынан тәжірибелі ойыншы ретінде Қазақстан ұлттық құрамасында 30 кездесу өткізді.

Екі рет ел чемпионы, екі рет Қазақстан кубогының иегері болды. Чемпиондар және Еуропа лигасына қатысқан алғашқы қызылордалық футболшы екені де елеулі белесін білдіреді. Сондай-ақ Серік Жейлітбаев атындағы сыйлықтың иегері.