00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордада Республика күніне орай алғаш рет «Showdown» үстел теннисінен чемпионат өтті

31 наурыз, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада Республика күніне орай алғаш рет «Showdown» үстел теннисінен чемпионат өтті

Астанада Республика күніне орай мүмкіндігі шектеулі жандар арасында «Showdown» үстел теннисінен І қалалық ашық чемпионат өтті. Қалалық турнирде арнайы жаттығудан өткен 20-ға жуық қатысушы қатысты, деп хабарлады Elorda.info.

Спорттық іс-шараның ашылу салтанатына Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің  басқарма басшысы Мұхамеджан Бекназаров, ҚР парламент мәжілісінің депутаты Мақпал Тәжмағанбетова, Астана қаласының және Әзірет Сұлтан мешіті нің бас имамы Ерболат Нұрылдаұлы, Дене мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының орынбасары Омирзақов Адильхан, белгілі айтыскер ақын Балғынбек Имашев және «Көзімнің қарасы» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жүзбай Серікұлы қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Қалалық ашық біріншікті Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы  Самат Сәбитұлы салтанатты түрде ашып берді.

- «Қайырлы күн құрметті спортшылар және қонақтар! Астана қаласы әкімдігінің атынан бүгінгі кереметтей шараның басталуымен өздеріңізді құттықтаймын. Бүгінгі жарысымыз алдымызда келе жатқан ұлттық мереке Республика күніне орайластырылып отыр. «Showdown» үстел теннисінің өзгешелігі елордада алғаш рет өткізіліп отыр. Енді, Астаналық зағип жандар елімізде енді ғана даму қарқынын алған «Showdown» ойынын игеріп, республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарады деген сенімдемін.  Республика күніне орай мүмкіндігі шектеулі жандар арасында  «Showdown» үстел теннисінен І- ші қалалық ашық чемпионатын ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер!»,- деді басқарма басшысы.

Астана қаласында бірінші рет өткізіліп жатқан жарыс алдағы уақытта еліміздің басқа өңірлерінде іріктеу кезеңін өткізіп қараша айында Республикалық турнир өткізу жоспарланып отыр дейді ұйымдастырушылар.

- «Бұрыннан ізденісте жүріп, шет мемлекеттерден осыны қарап, зерттеп Қазақстанға қалай әкелсем екен деген ой болды. Бұл чемпионат осы Астана қаласында өткізілгеннен кейін, алдағы уақытта 13-ші Дүниежүзілік зағип жандар күніне орай республикалық турнир өткіземіз»,-дейді «Көзімнің қарасы» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жүзбай Серікұлы.

Шараның мақсаты - әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатысу үшін отандық құрама команда жасақтау.

Ал, мамандардың айтуынша, Канада, Германия, Болгария сияқты шет мемлекеттерде жақсы дамыған бұл спорт түрі көз жанарынан айырылған зағип жандардың денсаулығына пайдалы. Яғни, есту қабілетімен, қол мен аяқ қозғалысы қызметінің жұмысын арттырады.

Республика күніне орай ұйымдастырылған чемпионаттың жеңімпаздары арнайы дипломдармен, медальдармен, сыйлықтармен және кубоктармен марапатталды. Сонымен қатар барша қатысушыларға демеушілер тарапынан ақшалай қаражат табысталды.