Елордада «Qysqy jugiru» жарысы өтті
«Qysqy jugiru» жарысының негізгі қашықтығы 10 шақырымды құрады. Жарысқа 250-ге жуық қала тұрғыны мен қала қонақтары және әуесқой спортшылар қатысты.
Іс-шараға Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев, Нұр-Сұлтан қаласы Триатлон федерациясының президенті Ержан Біржанов және Нұр-Сұлтан қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев қатысып, берілген он шақырымды жарыс қатысушыларымен бірге бағындырды.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған қысқы жүгіру жарысына қош келдіңіздер. Елордалық тұрғындар бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөледі. Соның дәлелі, бүгін, міне, қала тұрғындары және әуесқой спортшылар триатлон саябағында өтіп жатқан қысқы жүгіруге қатысуда. Баршаңызға сәттілік, жеңіс тұғырынан көрінулеріңізді тілеймін. Алдағы келе жатқан мерекелер құтты болсын, - деді Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев.
«Qysqy jugiru» жарысының қатысушылары 5 жас ерекшеліктері бойынша сыңға түсті. Атап айтақ, 18-29 жас; 30-39 жас; 40-49 жас; 50-59 жас; 60 жас және одан жоғары.
Жарыстың басты мақсаты – елордада бұқаралық спортты дамыту, Нұр-Сұлтан тұрғындары мен қонақтары арасында саламатты өмір салтын насихаттау, ұлт денсаулығын жақсарту.
Мәреге жеткен әрбір қатысушыға финишорлық медалі табысталып, әр жас санаттағы жеңімпаздар сертификаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.