«Ер азамат болса, Қайраттай болсын»: Ләйлә Сұлтанқызы марқұм күйеуі туралы айтты


Белгілі тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы «КешREC» бағдарламасына қатысып, Қайрат Беркінбаев пен балалары жайлы естеліктерімен бөлісті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Эфирде марқұм жолдасының елге жасаған жақсылықтарын айтып, отбасында қандай азамат болғанын есіне түсіріп, көз жасына ерік берді.
Ол күйеуі Қайрат Беркінбаевтың ел ішіндегі алғаш мектеп салған меценат екенін айтты.
«Қайрат ай сайын, апта сайын туған ауылы Созаққа барады. Аяғым ауыр болса да мені қасына ертіп жүруге тырысатын. Қазір сол кездегі суреттерді қарап отырсам, шаң-тозаңның ішінде өзі жүрген екен. Еліміздегі меценаттардың ішіндегі алғашқы мектеп соққан азамат. Ондай кісінің жары болғаныма өте қатты қуанамын», - деп еске алды ол жұбайын.
Тележүргізуші ұлдарының да әкесінің жолын қуып, елден бата алғанын қалайтынын айтты.
«Қайраттың кезінде өзі салған балабақша мен мектептер әлі де жұмыс істеп тұр. Ол жердің қызметкерлері әлі күнге дейін алғысын білдіріп жатады. Сол жандардан балаларым да бата алса екен деймін. Ұлдарым әкесінің жолын қуып, елге сыйлы азамат болса екен. Қазір Қайраттың артында қалған 4 ұл мен 1 қызы бар. Ол енді балаларымның қызығын көремін дегенде өмірден өтті. Кейде балаларының бойынан, әсіресе кенже ұлымнан, әкесіне ұқсастықтарды байқаймын», – деді Л.Сұлтанқызы.
Сондай-ақ тележүргізуші балалардың да әкелерін сағынып жүргенін жасырмады. Ал өзі жолдасы туралы айта беруді жөн санамайды.
«Жақында кенже ұлыммен бір жағдай болды. Бір күні кешке бөлмесіне кірсем, менен бұрылып, тығыла берді. Сұрақтарыма дұрыс жауап бермей, өзін алдаусыратқандай болды. Көзі жасқа толып тұр. Сөйтсем, әкесінің фото-видеоларын көріп, сағынған екен. Бұрын мұндай сезімін білдірмейтін. Одан кейін өзім де жаңа жылдан кейін Қайрат туралы көп айтпауға уәде берген едім. Өйткені менен де қиын жағдайда жүрген жандар көп. Мен жалғыз жесір емеспін ғой. Елдің көңіліне қарап, оларды сыйлағандықтан көп айтқым келмейді. Бірақ бір ғана нәрсе айтам, ер азамат болса, Қайраттай болсын!», – деді журналист.



