«Тоғызыншы қабаттың балконына жүгірдім»: Танымал әнші өзіне қол салмақ болған
Айдана Меденова анасынан айырылған кезде терең күйзеліске түскенін айтты, деп хабарлады Elorda.info Айнұр Ілиясованың «MOM'sкий әңгіме» подкастына сілтеме жасап.
Анасы қайтыс болғанда15 жаста болған эстрада әншісі сол сәтте өмірмен қоштасуды да ойлаған. Өнер иесі лезде есін жиып, бұл ойынан бас тартқан.
Айдана отбасында үш ағайындының кенжесі. Өзінен үлкен әпкесі мен ағасы бар.
Анам қаза болғанда, ең ауыр соққы маған тиді. Үлкен кісілерге, әсіресе ер кісілерге өзінің жартысын жоғалтып алу өте ауыр болады екен. Біз оған түсіністікпен қарадық. Барлығымыз бағыт-бағдарымызды жоғалтып алдық. Біз де, әкеміз де не істерін білмей қалды. Біз оған қарап, керісінше оған көмек бергіміз келді. Ол сәтте үйдің ең кенжесіне, яғни маған өте қиын болды. Әпкемнің өз жанұясы болды, ағам есейіп үлгерген.
Әкеміз екінші рет үйленді. Менің тағы бір інім пайда болды. Ол кезеңге қайта оралғым келмейді. Көп сөз, көп ойлар келеді. Бірақ әр адамның өмірінде өз қиыншылықтары болады.
15 жасымда анам кеткенде бір секундқа сондай ойлар болды. Өйткені өзімді анамсыз елестете алмайтынмын. Соны естігенде 9-қабаттың балконына жүгіргенмін. Жанымда ағам болды. Ағамның да қандай күйге түскенін көрдім. Соның барлығы басымда қалып қалған. Бірақ менің мінезім керісінше қатты болып шықты. Сол 1 минут әлсіздікке басымдық бердім де, бірден өзімді жинап алдым. Қазір де кез-келген жағдайда өзімді тез жинап аламын. Сол 15 жасымда: «Ертең өмірім өзім қалағандай болу үшін не істеуім керек?» деген сауалды өзіме қойдым, - дейді Айдана Меденова.