Баян Алагөзова бұрынғы күйеуімен кездесу туралы ойлап жүргенін айтты
Stan.kz-тің жазуынша, Баян Алагөзова бұрынғы күйеуімен алдағы уақытта кездесуді елестете алады. Себебі ол балаларының әкесі. Ортақ қыздары, ортақ қуаныштары бар.
Мен Бақытбекпен кездесу туралы ойлаймын. Көрмей кететін еш нәрсе жоқ. Керісінше, бұл бір аяулы кездесу болатын шығар. Ол маған бөтен адам емес. Біз 21 жыл бірге тұрдық. Біздің ортақ екі қызымыз бар. Айсәуленің тойында ол болған жоқ. Енді Айарудың тойында әкесі болғанын қалаймын. Ол жақсы әке. Жақсы адам. Ал біздің арамыздағы ұрыс ол біздің жеке проблемамыз. Оның балаларға қатысы жоқ. Мен қыздарыма солай айтамын. Мен үшін әкесін жек көрудің керегі жоқ. Ұрысқа балаларды араластырмау керек. Мен солай ойлаймын. Ол да солай ойлайдын деп үміттенемін, – деді продюсер.
Мақсатқызы бұрынғы күйеуі Бақытбек Есентаевтың отбасын құруына, өз бақытын табуын тілектестік білдірді.
Мен оның бақытын табуына, отбасын құруына тілекшімін. Оған тек шын жүрегіммен бақыт тілеймін, – деді Баян ханым.
Продюсер «бәрі де алда, әрі бәрі бұдан да керемет болады» деген өмірлік ұстаныммен өмір сүреді. Ал өмірде достарының көп екенін айтады.
Дос көп болмайды. Бірақ менің 20-30 жылдан бері араласып келе жатқан достарым бар. Сенетін адамдарым бар. Бәрі де алда әрі бәрі бұдан да керемет болады. Өмірде шынында да солай болады, – дейді ол достық жайлы сұраққа.
Ал тарихи тұлғалармен кездесу мүмкіндігі болса, әл-Фараби, Лев Толстоймен, Маргарет Тэтчермен кездесер едім деген ойын жасырмады.
Айта кетейік, Бақытбек Есентаев қазіргі таңда Қапшағай іргесіндегі Заречный ауылындағы қатаң режимдегі ерлер колониясында отыр. Бұл – ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған қылмыскерлер жазасын өтеп жатқан ең жоғары қауіпсіздік мекемесі. Ал таяуда ғана Баян Мақсатқызының бұрынғы күйеуі осыдан екі жыл бұрын жазасын жеңілдетуді сұрағаны белгілі болды.