00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Димашқа ұқсайтын алматылық жігіт киноға түсуді армандайды

24 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Димашқа ұқсайтын алматылық жігіт киноға түсуді армандайды

Көпшілік Бақтиярды танымал әншіге ұқсата бергеннен соң шаш үлгісін де, киім кию стилін де өзгерткен. Қазір өзінің жүк таситын көлігі бар. Сонымен клиенттерден тапсырыс алып, кеңсе жиһаздарын жеткізіп жүр. Димаштың шығармашылығын жоғары бағалайтын Бақтияр жүк көлігінің сыртына Димаштың суретін жабыстырып қойған. Алайда жұрт атақты әншінің суретін жарнама үшін пайдаланып жүр деп топшылаған.

Кейбір адамдар дұрыс түсінбей қалып жатыр. Мен Димаштың өнерін бағалаймын. Димаш емеспін десем де сенбей, суретке түсіп жатады. Бұл менің көңіл-күйімді көтереді, - дейді Бақтияр Беков.

Бақтиярдың жасы 32-де. Жары және үш баласы бар. Он жыл бойы банк саласында жұмыс істеген. Соңғы екі жылда мамандығын ауыстырды.

Банк қызметкерінен жүк тасушыға айналдым. Басында қиын болды. Екеуі екі нәрсе. Бірақ адам бәріне үйренеді екен, - дейді алматылық жігіт.

Бақтияр кеңсе жиһаздарын Алматы мен Алматы облысына тасып жүр. Әзірге тапсырыс берушілер саны аз дейді. Клиенттерге тапсырысын жеткізіп берген кезде оны Димашқа ұқсатып, суретке түсіп жатады екен.

Сырт бейнемнің Димашқа ұқсағаны кейде көмектеседі. Жақында полиция қызметкерінен құтылып кеттім. Көлігімді жолдың шетіне дұрыс қоймаған екенмін. Полиция қызметкері мені Димашқа ұқсатып, менімен суретке түсті. Тек ескерту ғана айтып кетті,- дейді Бақтияр.

Енді Бақтияр кино саласында бағын сынап көрмекші. Егер кино режиссерлері Димаштың рөліне шақырып жатса, бас тартпайтынын айтты.