Вьетнам президенті Қазақстан басшысын салтанатты түрде қарсы алды
Президент Во Ван Тхыонг Президент сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлады Elorda.info Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Екі ел басшылары келіссөз жүргізді.
Келіссөз барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық, агроөнеркәсіптік және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.
Мемлекет басшысы қонақжайлық көрсеткені үшін Во Ван Тхыонгқа алғыс айтып, осы сапарға баса мән беретінін атап өтті.
Қазақстан Президенті ретінде Сіздің еліңізге алғаш рет сапармен келіп отырмын. Мен бұл сапарыма баса мән беремін. Қазақстанда Сіздің елге және Вьетнам халқына зор құрметпен қарайтынын атап өткім келеді. Вьетнамның экономикалық жетістіктері елдеріміздің ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға берік негіз болады. Біз екі мемлекет арасындағы экономикалық, саяси қатынастарға баса мән береміз және Вьетнамның экономикалық зор әлеуетін және оның халықаралық аренадағы беделін жоғары бағалаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Во Ван Тхыонг екі ел арасындағы ынтымақтастықты жандандыру ісін жоғары бағалап, Қазақстан мен Вьетнамның серіктестігін одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді
Сіздің елімізге жасаған алғашқы ресми сапарыңыз екі мемлекеттің дәстүрлі достық қарым-қатынасы мен көпжақты ынтымақтастығын жандандыруға тың серпін беретініне сенімдімін. Мен Қазақстанда сапармен болдым. Өте тамаша, ғажап ел, халқының қонақжайлығына тәнті болдым. Вьетнам Қазақстанның дамуын және Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан халқының жеткен зор табысын жіті бақылап отыр. Сіздің тәжірибеңіз бен стратегиялық көрегендігіңіздің арқасында Қазақстан одан әрі дамып, әлемдегі және аймақтағы тұрақтылықты сақтауға елеулі үлес қосатынына сенімдімін. Вьетнам ұлт-азаттық күресі мен мемлекеттің бірігуіне және қазіргі дамуына қазақ халқының көрсеткен жәрдемін ешқашан ұмытпайды әрі алғыс айтады. Біз Қазақстанмен арадағы дәстүрлі достық қатынасқа зор мән береміз және еліңізді Орталық Азиядағы маңызды серіктес санаймыз, – деді Вьетнам Президенті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесі Во Ван Тхыонгты Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.