Еңбек жолын журналистикадан бастаған: Словенияның президенті туралы не білеміз


Словенияның тұңғыш әйел президенті Наташа Пирц-Мусар 1968 жылы Словенияның астанасы Люблянада дүниеге келген, деп хабарлады Elordainfo.kz шетелдік басылымдар мәліметіне иек арта отырып.
«Менің ата-анам жұмысшы болды, табыстары аз болды, сондықтан мен мектепте оқып жүрген кезімде қосымша жұмыс істедім. Әуелі дәрігер болғым келді, бірақ өзімді заң ғылымында таптым. 1992 жылы Любляна университетінің заң факультетін бітірдім және 5 жылдан кейін адвокат болу үшін емтихан тапсырдым», - дейді ол мемлекет басшысы болмай тұрып Словения баспасөз агенттігіне берген сұхбатында.
Ол алғашқы еңбек жолын журналистика саласынан бастаған.
«Алғашқы жұмысыңды ұмыту мүмкін емес. Алты жыл бойы мен Словенияның радио және теледидарында журналист және «Күнделік» жаңалықтарының жүргізушісі болдым. Содан кейін PopTV арнасында да осы рөлде бес жыл қызмет атқардым. Сондай-ақ әртүрлі газеттерге мақалалар жазумен айналыстым және әртүрлі радиостанцияларда жұмыс істедім», - дейді Пирц-Мусар.
Словендіктердің пікірінше, теледидардағы жұмыс оның танымалдылығын тудырды, нәтижесінде президенттік сайлауда жеңіске жетуіне септігін тигізді.
Болашақ президент адвокаттық мансапта да көптеген жетістіктерге жеткен.
2001 жылдан бастап ол қаржы секторында жұмыс істей бастады, Словенияның ең ірі жекеменшік қаржы корпорациясы Aktiva Group-та қызмет атқарды. Содан кейін Республиканың Жоғарғы сотына жұмысқа орналасты.
«Біраз жыл бұқаралық ақпарат құралдары мен адам құқықтарына маманданған адвокат болып жұмыс істедім. Менің халықаралық қызметім онша танымал болған жоқ, бірақ ол 20 жылдан астам уақытқа созылды. Мен Еурополдың біріккен қадағалау органының орынбасары және жетекшісі болдым. Черногорияда, Сербияда, Украинада жеке деректерді қорғау туралы заңдарды әзірлеуге қатыстым, Еуропа мен Африкадағы судьялар мен басқа да мемлекеттік қызметкерлерді оқыттым», - деді Наташа Пирц-Мусар.
2014 жылы ол Словения адвокаттар алқасына ант берді және 2015 жылдан бастап Pirc Musar заң фирмасының директоры болды.
2022 жылдың 14 қарашасында партиялық емес саясаткер, қоғам белсендісі, адвокат, 54 жастағы Наташа Пирц-Мусар Словениядағы президенттік сайлауда жеңіске жеткені белгілі болды.
Наташа Пирц-Мусар Словениядағы президенттік сайлаудың екінші кезеңінде жеңіске жетті. Партиялық емес кандидат шамамен 54% дауыс жинаған. Ал демократиялық партияның өкілі Андже Логар 46% жинаған. Ол Словенияның алғашқы әйел президенті болады.
Естеріңізге сала кетейік, Словения – парламенттік республика, ел президенті мұнда көбірек өкілдік функцияларды орындайды. Бес жылға сайланады.



