Кәрімбек Құрманәлиев: Мемлекеттік тілді меңгеру - стратегиялық бағытымыз
Ұлттық ғылым академиясының академигі, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Кәрімбек Құрманәлиев кеше өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясының отырысы туралы пікір білдірді, деп хабарлады Elorda.info.
Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясына қатыстық. Сессияда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, ел алдында тұрған ауқымды міндеттер үдесінен шығу үшін береке- бірліктің мән- мағынасына кеңінен тоқталды. Әрбір азамат өз болашағын Қазақстанмен тығыз байланыстырғанда ғана халқымыз біртұтас ел болып тұра алатындығын тілге тиек етті. Ешкімді ұлтына, тіліне, дініне қарап кемсітуге болмайтынынын, әрі елімізде мұндай ұстанымға сай бөлектенуге жол берілмейтініне екпін түсіре баяндады,- деді Кәрімбек Құрманәлиев.
Академик өз сөзінде, Президенттің мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы айтқандарын ерекше атап өтті.
Мемлекет басшысы қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керектігіне назар аудартты. Сонымен бірге, елімізде мемлекеттік тілді үйрену, оны білуге ұмтылу қалыпты жағдайға айналуы қажеттігін қадап айтты. Қазақ тіліне сұраныс артқанда ғана ол көпшілік кең қолданатын тіл міндетін атқаратытынын астын сызып жеткізді.Басты құндылығымыз- елдегі ықыласты ынтымақты, бекем бірлікті, тәтті татулықты ту етіп, Әділетті Қазақстан құруға аянбай атсалысу- әрқайсымыздың азаматтық парымыз деп санаймын,- деді ол.