Елімізде қазақтың салт-дәстүрін ұстанатын өзге ұлт өкілдері көп – Мемлекет басшысы
Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясының отырысында даңқты отандастарымызды, спортшыларымызды, мәдениет қайраткерлерімізді, ғалымдарымыз бен студенттерімізді, кәсіпкерлерімізді шыққан тегіне қарамастан, шетелде үнемі қазақтар деп атайтынын айтты, деп хабарлады Elorda.info Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл – табиғи құбылыс. Солай болуға тиіс.
Біздің қоғам – ортақ идеалдар мен құндылықтар біріктірген еркін әрі жауапкершілігі мол азаматтардың одағы. Бұл – жалпыұлттық бірегейлігіміздің тағы бір жарқын көрінісі. Сондықтан бүгінде азаматтарымыздың барлығы өздерін үлкен әрі біртұтас қазақ отбасының, шын мәнінде, қазақ ұлтының мүшесі сезінеді.
Біз бәріміз – бір отбасымыз. Бұл – артық айтқандық емес. Бұл – біздің шынайы болмысымыз. Осы ретте біз мақтаныш ететін этномәдени әралуандығымыз ешқайда жоғалып кетпейді. Керісінше, біртұтас азаматтық негіз есебінен нығая түседі. Елімізде түрлі мәдениет дәстүрлері жалпыұлттық бірегейліктің берік іргетасы болып қаланатын өзімізге тән айрықша өмір сүру салты қалыптасты. Осынау ерекше бірегейлігіміз уақыт тезіне төтеп беріп, қоғамдық сананың өзегіне айналды, - деді Тоқаев.
Сондай-ақ Президент елімізде барлық этнос өкілдері қазақтың болмысын сіңіріп жатқанын айтты.
Қазақстандағы барлық этнос өкілдері қазақтың болмысын бойына сіңіруде. Елімізде қазақтың салт-дәстүрін ұстанатын өзге ұлт өкілдері өте көп. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер.
Қазақстан олар үшін туып-өскен, ержеткен, білім алған, отбасын құрған қастерлі мекені, Отаны болып саналады. Бұл – табиғи үрдіс, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.