Дербес кассациялық инстанция құрылса азаматтардың сотқа деген сенімі артады – сенатор
Комитет төрағасы Нұрлан Бекназаров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйек айында қазақстандық бизнесмендермен кездесу барысында азаматтардың құқықтарын сапалы қорғауды қамтамасыз ету үшін жекелеген кассациялық соттар құрудың маңыздылығын атап өткенін еске салды, деп хабарлайды Elorda.info.
Бүгінде қылмыстық және азаматтық істердің тек 5%-ы кассацияға түседі және бұл азаматтардың сұранысына сай келмейді. Осыған байланысты заңгерлер және кәсіпкерлер қауымдастығымен дербес кассациялық инстанция құру мәселесі бойынша ақылдастық тұрғысында кеңесу қажеттігі туындады. Парламент депутаттарын еліміз Президентінің заңдылық пен құқықтық тәртіпке қол жеткізуге ықпал ететін тиімді сот жүйесін құруды көздейтін тапсырмаларын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету жөнінде ауқымды жұмыс күтіп тұр, - деді сенатор.
Сенатор Жанна Асанова өз кезегінде тәуелсіз кассациялық инстанция құру сот төрелігінің сапасын және азаматтардың жалпы соттарға деген сенім деңгейін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Сондай-ақ Парламент пен Жоғарғы Соттың алдында тәуелсіз кассациялық соттардың оңтайлы нұсқасын енгізу және заңнамалық тұрғыдан бекіту міндеті тұрғанын жеткізді.
Іс-шара барысында Жоғарғы Соттың Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов, Бас прокуратураның, республикалық адвокаттар алқасының, «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің, Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясының өкілдері, ғалымдар және басқалар өз ұсыныстарын білдірді.
Отырыс барысында қатысушылар тарапынан берілген ұсыныстар Парламенттегі сот жүйесінің мәселелері бойынша тиісті заң жобаларымен жұмыс кезінде қаралатын болады.