Алматыда АҚШ консулдығы салынады


Мәжіліс депутаттары Алматы қаласында АҚШ консулдық мекемесінің ғимаратын салу үшін АҚШ үкіметіне жер телімін жалға беру туралы Қазақстан-Америка үкіметаралық келісімін ратификациялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Құжатқа 2024 жылдың 27 қыркүйегінде Нью-Йорк қаласында қол қойылған.
Шарттың ережелері жер учаскесін беру тәртібі мен шарттарын анықтайды. Оның ауданы – 70593 шаршы метр, жалдау мерзімі – 49 жыл. Жалдау ақысы 25,3 миллион АҚШ долларын құрайды және келісім енгізілген күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде бірыңғай төлеммен төленетін болады», - делінді хабарламада.
Келісімге сәйкес АҚШ үкіметі жалдау ақысын қоспағанда, жер учаскесі мен консулдық ғимаратына салықтар мен басқа төлемдерді төлеуден босатылады. Бұл ретте ол консулдық ғимаратының құрылысына байланысты коммуналдық қызметтерді Қазақстанда қолданыстағы нормативтер мен тарифтерге сәйкес төлей отырып, ғимаратты күтіп-ұстауға және жөндеуге жұмсалған шығыстарды дербес төлеуге міндеттеледі.
Ғимаратты салу және жабдықтау үшін АҚШ-та өндірілген материалдарды, жабдықтар мен тауарларды пайдалана алатын АҚШ мердігері бас мердігер болады. Олар кедендік төлемдерден, импорт салықтарынан және рұқсат алу талаптарынан босатылады.
Осы келісімге орай депутат Базарбек Бақытжан сауал қойды.
«Үкіметаралық келісім бойынша АҚШ консулдығы үшін 70593 шаршы метрді құрайтын жер телімі 49 жылға жалға беріліп отыр. Дегенмен менің қолымдағы Алматы қаласы әкімінің 2021 жылғы қаулысында АҚШ-тың бас консулдығына берілетін жер телімінің ауданы көлемі басқаша, онда 72047 га деп жазылған. Аталған қаулыдан үкіметаралық келісімнің статусы жоғары екенін білемін, дегенмен қаулы күшін жоюы керек еді ғой. Сонда қай өлшем басшылыққа алынады?» - деп сұрақ қойды Б.Бақытжан.
Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин бұл жер өлшеу кезінде кеткен қателіктер екенін айтып, қаулының күшін жоюы жөнінде Алматы қаласы әкімдігімен келісілетінін айтты.



