00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Ұлттық жобалар уақтылы және сапалы жүзеге асырылуға тиіс – Президент

Ұлттық жобалар уақтылы және сапалы жүзеге асырылуға тиіс – Президент
ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясында ел кәсіпкерлеріне үндеу жасады, деп хабарлады Elorda.info.

Елді жайлаған індет және оның салдары кәсіпкерлерге оңай тимегені анық. Былтырдан бері саяси жүйені жаңғыртуға баса мән бердік. Енді экономикадағы нақты мәселелермен айналысатын кез келді. Бұл жұмысты мықтап қолға алу керек. Біздің басты міндетіміздің бірі – жеке меншікті қорғау және нарықтың бәсекелі болуын қамтамасыз ету. Сол үшін сот және құқық қорғау жүйесіндегі реформаларды жалғастыру қажет.
Мен еліміздің кәсіпкерлеріне үндеу жасағым келеді. Қазақстан – бәріміздің ортақ мекеніміз. Ендеше, қастерлі Отанымызды бірге өркендетейік, болашағымызды бірге құрайық. Мен Президент ретінде Сіздерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетініне кепілдік беремін,- деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде алдағы бесжылдық шағын және орта бизнесті қолдауға арналуы керек екенін айтты.

Біз шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілетін арттыру мәселесіне баса мән береміз. Осы орайда, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің бірыңғай кешенді бағдарламасын әзірлеу қажет. Ең бастысы, мемлекеттік қолдауға ие болатын жобаларды іріктеу ашық өтуге тиіс. Жобаның нақты әлеуметтік-экономикалық тиімділігін ескеру қажет. Осы орайда Үкіметке депутаттармен бірлесіп, орта бизнесті дамытудың тың тәсілдерін әзірлеуді тапсырамын. Өйткені орта бизнес ел экономикасын дамыту ісінде басты рөл атқарады. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады.

Біз нақты индустрияландыруға, жергілікті өндірісті дамытуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға баса назар аударуымыз қажет. Бюджеттен қаржыландырылатын ауқымды жобаларды, ең алдымен, отандық кәсіпкерлер жүзеге асыруға тиіс. Жалпы, алдағы бесжылдық шағын және орта бизнесті қолдауға арналуы керек. Ұлттық жобалар уақтылы және сапалы жүзеге асырылуға тиіс. Бюджеттің әрбір тиыны тиімді жұмсалуы керек. Осының бәріне парламенттік бақылау жасау айрықша маңызды Өздеріңізге дауыс берген азаматтар үлкен үміт күтіп, сенім артып отыр. Депутаттар билік пен қоғамның әріптестігін нығайтуға үлес қосуы қажет. Бұл жұмыс «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орнықтыруға септігін тигізеді. Әсіресе, сайлауда жеңіске жеткен Amanat партиясы осы жұмысқа белсене атсалысады деп сенемін. Партияның тәжірибесі мол, қоғам тарапынан жан-жақты қолдау бар. Сондықтан, Amanat партиясы алдағы өзгерістердің бел ортасында болады деп үміттенемін,- деді Президент.