Конституциялық реформа – жаңа саяси дәуірге бастайтын қадам
Соңғы жылдары Президент бастамасымен еліміз түбегейлі жаңғыруға, трансформациялануға көшті. Түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды. Сайып келгенде мұның бәрі Мемлекет басшысының батыл реформаларымен тығыз байланысты. Былтыр Қасым-Жомарт Тоқаев Президент мандатын қайта сайлану құқығынсыз бір ғана жеті жылдық мерзіммен шектейтін заңға қол қойғаны белгілі. Ел басшысының бұл шешіміне Парламент те, халық та қызу қолдау білдірді, деп жазады Elorda.info.
Осы орайда белгілі журналист, қоғам қайраткері Кәрібай Мұсырман Президенттің конституциялық реформасы халықтың көңілінен шыққанын айтады.
Былтыр маусым айында өткен бүкілхалықтық референдумда халқымыз Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан орнату мақсатымен ұсынған конституциялық реформасын толығымен қолдағаны мәлім. Тіпті Қазақстандағы саяси іс-шараларға әдетте сыни көзбен қарап, сенімсіздік білдіріп тұратын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) референдумды байқау миссиясы (РБМ) өзінің қорытынды есебінде: «Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың «Жаңа Қазақстанды», соның ішінде президенттіктің ықпалын азайтып, басқа институттарды нығайту мақсатында мемлекеттік билікті қайта бөліп теңестіру жөніндегі ұсыныстарын қолдауына арнап ұсынылған Конституцияның 33 бабына өзгерісті бекіту жөніндегі референдумды міндетті түрде өткізуге шақырды. Қаңтар оқиғалары кезіндегі саяси сілкіністер мен зорлық-зомбылық әрекеттерден кейін қолға алынған конституциялық өзгерістер енгізу бастамасына ЕҚЫҰ/ДИАҚБ РБМ мүшелері сөйлескен адамдардың көбі қолдау білдірді, деп атап көрсетті, - деді ол.
Сондай-ақ қоғам қайраткері 7 жыл – кез келген сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті мерзім екеніне тоқталды.
«Мемлекет басшысының Республика Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу бастамасы қисынды шешім болды. Парламент депутаттарының алдында «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауын жариялаған Президент «Конституциялық реформа Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс. Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет» деп мәлімдеді.
Мемлекет басшысы ұсынған тағы бір тосын да өте маңызды жаңашылдық – Президент мандатының ұзақтығын 7 жылдық бір мерзіммен шектеп, оның қайта сайлануына тыйым салу. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл шешімін Парламент депутаттары да, бұқара да қолдады. Себебі, екі мерзімге сайлану мүмкіндігі бар Мемлекет басшысы жоғарғы билік тізгінін қолына алысымен мемлекеттің стратегиялық міндеттерін іске асыруға жан-тәнімен жұмылудан гөрі келесі сайлаудың қамын көбірек күйттеп, «пиармен», яғни өзіне жарнама жасаумен айналысып кететінін Еуропаның кейбір елдерінің мысалынан көріп жүрміз. Ал 7 жыл – кез келген сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті мерзім. Осы жаңашылдық бір адамның елді басқаруының максималды ұзақтығын үш жылға (10 жылдан 7 жылға дейін) қысқартатыны да көңілге қонады, - деді сарапшы.
Ал Президент жанындағы ҚСЗИ саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Ермек Тоқтаров Мемлекет басшысы реформаларды өзінен бастағанын атап көрсетті.
Президент реформаларды өзінен бастады. Референдум қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының өкілеттігі шектелді. Оған сәйкес Президент саяси партияның мүшесі болмайды, сайланған ауыл әкімдерін қызметінен алып тастай алмайды, әкімдердің шешімдерін жоя алмайды. Бұл реформалар билікті монополиясыздандыруда одан әрі ілгерілеуге мүмкіндік береді, - деді ол.
Саясаттанушының пікірінше, Президенттің билікте болу мерзімдерінің санын қысқарту президенттік басшылықтың жаңа стилін қалыптастырады.
Осы норманың қабылдануымен Президент келесі мерзімге дайындалуға емес, өзекті мәселелерді шешуге назар аударады. Бір жағынан ол мерзімдер санымен шектелсе, екінші жағынан өзінің сайлау алдындағы бағдарламасын іске асыру үшін жеткілікті уақыт алады. Сондай-ақ, дауыс жинауға бағытталған қандай да бір популистік шаралар жүргізілмейді. Жеті жылға бір рет сайланған Президент өзінің нақты міндеттерін орындауға күшін жұмылдыруы керек, - дейді Е.Тоқтаров.
Ол бұдан бөлек Президентті қайта сайлау тетігін алып тастау жоғарғы биліктің ауысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін айтты.
Осы норманы түпкілікті бекіту, оны заңнамалық бекіту болашақ Президенттердің өкілеттіктерін ұзарту үшін заңнамамен қандай да бір айла-шарғы жасауды болдырмауға мүмкіндік береді. Президенттің жеті жылға бір мерзімге сайлануы туралы норма Қ.К.Тоқаевтың реформаларының рухына сәйкес келеді. Тарих жоғарғы билік кезең-кезеңмен ауыстырылуы керек екенін көрсетті. Бұл тұрақты және болжамды саяси жүйені құруға ықпал етеді. Дәл осы қадам геосаяси және макроэкономикалық тұрақсыздық жағдайында тәуелсіз Қазақстанға қажет, - деді спикер.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де Еуропаның беделді басылымы Politiko-ға берген сұхбатында жеті жылдық бірыңғай президенттік мерзім енгізу Қазақстандағы демократияның дамуына серпін беріп, елімізді дамыған ел ретінде модернизациядан өткізе алатын қадам екенін айтқан.
Мен, сондай-ақ, жеті жылдық бірыңғай президенттік мерзім енгізу туралы бастама көтердім. Өйткені, менің ойымша, бұл Қазақстандағы демократияның дамуына шынымен де серпін беріп, елімізді дамыған ел ретінде модернизациядан өткізе алатын қадам. Қазіргі таңда әлемдегі біздің ел тұратын аумақ бойынша ешқандай ел бұндай батыл қадамға барған жоқ, - деді Президент.
Ендеше, сөзімізді Мемлекет басшысының өз сөзімен қорытындыласақ, конституциялық реформа – жаңа саяси дәуірдің бастауы.