Биылғы науқан да жаңа сайлау шарттарымен ерекшеленетін болады – Жанар Санхаева
Биыл 19 наурызда Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауы өтеді. Президент жанындағы ҚСЗИ жетекші ғылыми қызметкері Жанар Санхаеваның пікірінше, қазіргі сайлаудың ерекшелігі – оның аралас сайлау жүйесі бойынша өткізіліп, ұйымдастырылуында, деп хабарлады Elorda.info.
Қазақстанда бір мандатты округтер бойынша соңғы сайлау 2004 жылы өтті. Бұл сайлауды ақпараттық қамтамасыз етуді күшейту мәселесін өзекті етеді. Яғни, дауыс берудің ерекшеліктері мен сайлаудың пропорционалды-мажоритарлық жүйесі туралы түсіндірме жұмысын жүргізу.
Бір айта кетерлігі, өткен сайлаудың қорытындысы бойынша партиялық тізімдегі әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота беру нормасы жүзеге асырылып, парламенттік оппозиция институты да енгізілген болатын. Биылғы сайлау науқаны да жаңа сайлау шарттарымен ерекшеленетін болады.
Олардың қатарына саяси партияларды тіркеу үшін мүшелер санын қысқарту жатады, бұл іс жүзінде жаңа партиялық қозғалыстарға жол ашты. Мәселен, сайлау жарияланған кезеңде «Байтақ» және «Республика» атты екі жаңа партия тіркелген. Партияларды құрудың жаңа тәртібінен бөлек, партиялардың Парламентке кіруіне қойылатын шекті кедергі де төмендетілді.
Осының бәріне бір мандатты сайлау округі бойынша кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары да қосылып, жаңа сайлау тартысы артады. Бір мандатты үміткерлер Мәжілістегі 29 орынға таласады.
Өңірлік деңгейде де айтарлықтай белсенді сайлау науқаны күтілуде. Облыс және Астана, Алматы және Шымкент қалалары мәслихаттарының депутаттары партиялық тізім бойынша да, бір мандатты округтер бойынша да сайланады. Ал аудандық мәслихат депутаттары толықтай бір мандатты округтер болады, – дейді ол.
#менсайлауғабарамын, #мендауысберемін, #сайлау202