00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Азаматтар интеграциялық жобаның пайдасын толық сезінуі керек - Президент

31 наурыз, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Азаматтар интеграциялық жобаның пайдасын толық сезінуі керек - Президент
ашық дереккөз

Бұл туралы Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев  Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Бішкектегі отырысында айтты, деп хабарлады Elorda.info.

Қазақстан интеграцияны дамытуға мүдделі екенін тағы атап өтемін. Қазақстан тарапынан интеграциялық процестерді тежеу туралы сөз болуы мүмкін емес. Қазақстан, керісінше, ЕАЭО туралы шартқа толық сай келетін экономикалық интеграция процесін жетілдіру және оңтайландыру үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Біздің халықтарымыз, әрине, Қазақстан халқы да, біздің кәсіпкерлеріміз де мұндай интеграцияның пайдасы мен нәтижесін көруі тиіс. Дегенмен көзделген көптеген интеграциялық бағыт бойынша біз әлі де «кібіртіктеп» тұрмыз. Мысалы, Одақтың цифрлық күн тәртібіндегі жұмыстардың нәтижесі көрінбейді. Қазақстан бұл бағытта айтарлықтай алға жылжыды. Бүгінде біз цифрландырылған отыз мемлекеттің қатарына кіреміз. Елімізде мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды форматта көрсетіледі. ІТ технологиялар мен инновациялардың бәсекеге қабілетін арттыру үшін заңнамалық негіздер жасалды. IT стартаптарының халықаралық технопаркі табысты жұмыс істейді. Криптоиндустрия дамып, цифрлық теңге енгізіліп жатыр. Осының бәрін интеграцияны дамытуға, еуразиялық ауқымдағы жобаларды жасауға пайдалануымыз керек деп есептеймін. Біз Одаққа мүше елдерді осы бағыттағы жұмысты жандандыруға шақырамыз,- деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент еңбек миграциясы мәселесіне тоқталды

Еңбек миграциясы мәселесіне де ерекше назар аудару қажет деп есептеймін. Қазіргі сын-қатерлер бұл саланың маңызды екенін айқындай түседі. Бір орында тұрып қалмай, жаңа тәсілдерді ұсыну маңызды. Соның ішінде жұмыс іздеу, жұмысқа орналастыру рәсімдерін жеңілдету, еңбек мигранттары мен олардың отбасыларына әлеуметтік кепілдіктер беру ісіне жаңа тәсілдер керек. Азаматтар интеграциялық жобаның пайдасын толық сезінуі керек. Тағы бір сала – туризм. Бұл бағытта Одақтың әлеуеті зор, туризмнің барлық түрі бізге қолжетімді. Халықтар арасында интеграцияны ілгерілетуге жағдай жасайық. Комиссия үкіметтермен бірлесе отырып, осы салада маңызды әрі шынайы жобаларды әзірлей алады,- деді ол.