Қазақстан мен Пәкістан арасындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды
Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК саммиті аясында Пәкістанның Премьер-министрі Шахбаз Шарифпен келіссөз жүргізді, деп хабарлады Elorda.info Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Әңгімелесу барысында Қазақстан мен Пәкістан арасындағы сауда-экономика және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК саммитіне қатысу мақсатында Астанаға келіп, ұйымды одан әрі институционалды тұрғыда дамытуға бағытталған еліміздің бастамаларын қолдағаны үшін Пәкістанның Үкімет басшысына ризашылығын білдірді.
Президент Пәкістанды Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі деп атады. Сонымен қатар екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың даму қарқынына көңілі толатынын айтты.
Кездесуде көлік, транзиттік логистика және энергетика салаларында ынтымақтастық орнатудың перспективалары қарастырылды. Екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын жақын арада қалпына келтіруге, сондай-ақ Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандыру маңызды екеніне назар аударылды.
Өз кезегінде Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф Қасым-Жомарт Тоқаевқа Пәкістан Президенті Ариф Алвидің сәлемін жеткізіп, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.