Астананың Ұлттық және олимпиадалық ат спорт түрлері федерациясына жаңа президент тағайындалды
Бүгін Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайының мәжіліс залында Астана қаласының ұлттық және олимпиадалық ат спорт түрлерінің федерациясының кезекті жиналысы өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Оған қалалық Спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, Астана қаласы мәслихатының хатшысы Ерлан Каналимов және бірқатар қалалық спорт мектебінің басшылары мен бапкерлері қатысты. Онда федерацияның атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалып, жаңа жоспарлар құрылды.
Жиын барысында Астана қаласының ұлттық және олимпиадалық ат спорт түрлерінің федерациясының жаңа басшысы таныстырылды. Астана қаласының ұлттық және олимпиадалық ат спорт түрлері федерациясының республикалық кезекті жиналысының шешімімен федерация президенті болып Ерлан Каналимов тағайындалды.
Жиын қатысушылары жаңа басшылыққа қордаланған мәселелерін айтып, өздерін толғандырған сұраққа жауап алды. Сонымен қатар ұлттық спорт жанашырлары спорттың дамуын тежейтін мәселелерді көтеріп, шешу жолдарын ұсынды.
Жаттықтырушылардың аздығы, шабандоздардың ұлттық құрамаға кірмеуінің себептері, жастарды спортқа баулу, ең басты мәселенің бірі – ат спорты түрін кәсіби деңгейге көтеру сынды мәселелер ортаға салынып, шешу жолдарының алгоритмі ұсынылды.
Сондай-ақ федерация президенті алдағы Республика күніне орай бәйге ұйымдастырылуы жоспарда бар екендігін айтты.