Президент халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шаралар қабылдауды тапсырды
Қасым-Жомарт Тоқаев облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдерімен жиын өткізді, деп хабарлады Elorda.info «БОРТ №1» Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Кеңесте өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері мен өзекті проблемалары талқыланды. Сонымен қатар Жолдауда жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға ерекше назар аударылды.
Президент Үкімет пен әкімдерге елдің әлеуметтік мәселелерін жедел реттеу және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шаралар қабылдауды тапсырды.
Әкімдіктерге инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті қолдау туралы міндеттер жүктеді.
Мемлекет басшысы өңір басшыларына жылыту маусымына дайындықты күшейтуді және күзгі егін жинау науқанын жоспарға сай сапалы орындауды тапсырды.
Мемлекет басшысы әкімдердің азаматтармен кері байланысты күшейтуі қажет екенін атап өтті.
Президент Қазақстан халқына арналған бүгінгі Жолдауда жүктелген міндеттерді жүзеге асыру аса маңызды екенін ескертті.