Қазақстан-Өзбекстан шекарасынан жеке куәлікпен өтуге рұқсат берілуі мүмкін
Өзбекстан Қазақстан мен Тәжікстан шекараларынан ID картамен өту тәртібін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы бүгін Олий Мажлистің Заң шығару палатасында Президент Шавкат Мирзиёев мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Көрші ел басшысы тиімді сыртқы саясат жүргізудің, халықаралық серіктестер санын кеңейтудің және көрші елдермен ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Осы мақсаттарды іске асыру үшін сыртқы саясат тұжырымдамасының жаңа редакциясын қабылдау ұсынылды. Сондай-ақ Орталық Азиядағы тату көршілік қатынастарды нығайтуға, өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге баса назар аударылады.
Шавкат Мирзиеев 2025 жылы Өзбекстан «Орталық Азия бестігінің» (Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан) кездесуін өткізетінін айтты, бұл өзара байланысты нығайтудағы маңызды қадам болмақ.
Одан бөлек 1 қыркүйектен бастап Өзбекстан азаматтары Қырғызстан шекарасынан паспорт орнына ID-карта арқылы өте алатынын еске салды.