Президент айқын әрі нық мәлімдеме жасады – Қарақат Әбден

Бүгін, 14:37
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Президент айқын әрі нық мәлімдеме жасады – Қарақат Әбден
Фото: Қарақат Әбден/Facebook

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында айтылған маңызды мәселелерге қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елге айқын әрі нық мәлімдеме жасады: біздің қоғамымызды қалай құру керектігін бізге сырттан келіп үйретуге ешкімнің құқығы жоқ. Өйткені, Президент айтқандай, «Сын мен арандатуды ажырата білуіміз керек. Ел ішіндегі бейбітшілік пен келісімді бұзуға бағытталған кез келген әрекетті, кімнен шықса да, біз бұрынғыдай қатаң түрде тоқтатамыз», - деді Қ.Әбден.

Ол сондай-ақ елімізде арандатушылық туындатуға тырысып отырған блогерлер мен жалған құқық қорғаушылар туралы Президент айтқан пікірмен келісетінін мәлімдеді. 

«Соңғы ашық мәліметтер көрсеткендей, кейбір шетелдік үкіметтік емес ұйымдар, блогерлер мен жалған құқыққорғаушылар шетелден қаржыландырылып, Қазақстанға қарсы мақсатты шабуылдар ұйымдастыруда. Бұл туралы Президент «Мұндай «гранттық демократия» – біздің дүниетанымымызға жат» деген болатын», - деді депутат.

Депутат бұл тұста Мемлекет басшысының «Бізде өз дәстүріміз, өз менталитетіміз, өз құндылықтарымыз бар. Проблемалар бар, кез келген елде болады. Бірақ оларды біз ешкімнің нұсқауынсыз, өз заңымызбен және ұлттық мүдделерімізге сай шешеміз» деген сөзін ойына өзек етті. 

Депутаттың сөзінше, мемлекеттік тілдің беделі жылдан-жылға артып келеді.

«Тіл мәселесіне қатысты нақты ұстаным бар. Биыл бірінші сынып оқушыларының 70%-дан астамы қазақ тілінде оқуды бастайды. Бұл – мемлекеттік тілдің беделі артып келе жатқанының дәлелі. Алайда ешкімді белгілі бір тілде сөйлеуге мәжбүрлеуге болмайды – бұл арандатушылық», - деген пікірін жазды ол әлеуметтік желіде..