Шымкентте полиция зейнеткердің 46 млн теңгесін қайтарып берді


Ақпан айында полицейлер 69 жастағы тұрғыннан қомақты ақша жымқырған екі ер адамды ұстады, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Зейнеткерге өзін ұялы байланыс операторымын деп таныстырған белгісіз тұлға қоңырау шалып, сим-картасының мерзімі аяқталғанын айтқан. Нөмірінің қызметін ұзарту үшін азаматша СМС-кодты хабарлаған. Араға аз уақыт салып, «құқық қорғаушылар» хабарласып, әйелдің шотында күмәнді операциялар басталғанын және алдыңғы қоңырау шалған адам алаяқ екенін жеткізген. Дүрбелеңге түскен зейнеткер жиған-тергенін сақтап қалу үшін күдіктілердің айтқанын бұлжытпай орындайды: есепшотындағы бар ақшаны шешіп алып, оны «сенімді қолға» уақытша сақтауға тапсырған.
«Киберпол қызметкерлері күдіктілерді анықтап, жан-жақты және толыққанды тергеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде жәбірленушіге келтірілген шығын түгел өтелді», - делінген хабарламада.
Сот үкімімен екі күдіктінің әрқайсысы 5 жылға бас бостандығынан айырылды.



