Оралда екі қыздан 1,6 келі синтетикалық есірткі тәркіленді

Оралда 1,6 келіге жуық синтетикалық есірткімен екі қыз ұсталды, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«Қарасора-2025» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында eсірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері синтетикалық есірткіні тығып кету әдісімен таратты деген күдікпен 26 жастағы екі азаматшаны ұстады. Күдіктілер қала маңындағы орман алқабында қолға түсті. Жеке тінту барысында олардың жанынан ұнтақ тәріздес зат салынған 30 орама табылды.
Жалға алған пәтерін тінту кезінде ұқсас заттар салынған 125 орама, ақ және қызыл түсті ұнтақ тәріздес заттары бар 5 контейнер, қара-сұр түсті тас тәріздес зат салынған 1 контейнер, сондай-ақ электронды таразы, zip-пакеттер және оқшаулағыш ленталар тәркіленді. Сараптама қорытындысы бойынша, алынған заттар: «Alpha-PVP» — 817,16 грамм, мефедрон — 782,44 грамм, гашиш — 192,13 грамм. Барлығы 1 келі 599,6 грамм есірткі заты анықталды.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта алдын ала тергеу амалдары жүргізілуде: жеткізу арналары мен сыбайластары анықталып жатыр.



