Ішкі істер министрлігі 40 мың есірткі таблеткасын тәркіледі

Ішкі істер министрлігі ел аумағында есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың, сондай-ақ уытты және күшті әсер ететін заттардың заңды айналымын бақылауға бағытталған «Дәрмек» жедел алдын алу іс-шарасы өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Есірткі айналымы саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін Қылмыстық кодекстің 303-бабы бойынша медицина қызметкерлеріне қатысты 11 қылмыстық іс қозғалып, 278 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды.
Заңсыз айналымнан құрамында есірткі бар шамамен 7 мың дәрі-дәрмек және қосарлы мақсаттағы тауарларға жататын 80 тонна уытты зат тәркіленді.
«Медицина саласында әкімшілік заңнаманы бұзудың 190-нан астам фактісі тіркелді. 202 медицина қызметкеріне қатысты материалдар жиналып, құрамында есірткі бар 40 мыңдай таблетка, 290 мың психотроптық таблетка және 236 мың ампула тәркіленді. Республика бойынша барлығы 519 медициналық мекеме тексерілді.
Өнеркәсіп саласында 60 құқықбұзушылық анықталып, 2 мың тонна прекурсордың айналымына шектеу қойылды, 20 заңды тұлға жауапкершілікке тартылды. 159 кәсіпорын мен 734 көлік құралы тексерілді», - делінген хабарламада.
Ақтөбе облысында тексеру барысында Қытайдан теміржол арқылы 80 тоннадан астам уытты зат мемлекеттік лицензиясыз әкелінгені анықталды. Тәркіленген заттардың жалпы құны 86 миллион теңге. Бұл зат қосарлы мақсаттағы тауарларға жатады.
Шығыс Қазақстан облысында бір ЖШС-де күшті әсер ететін дәрілік заттардың рецептісіз сатылғаны тіркелді. «Прегабалин», «Зоника» және «Алиса» дәрілерінен 35 мыңнан астам таблетка тәркіленді.
Батыс Қазақстан облысында 40 жастағы тұрғынның үйінен лицензиясыз психотроптық препараттарды заңсыз сату фактісі анықталды.
Қарағанды облысында Астанадан Қарағандыға бағыт алған автокөлікті тексеру кезінде жалпы құны 240 мың теңгеден асатын «Тропикамид», «Прегабалин» және «Медазепам» препараттарының 82 қаптамасы тәркіленді.
«Ішкі істер министрлігі есірткі құралдары, психотроптық заттар, прекурсорлар мен уытты заттардың заңды айналымы саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Бұл бағыттағы жұмыс азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталған», - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.



