Кен орнына қатысты күдікке ілінген вице-министрдің тергеуі аяқталды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Т. Тоқтабаевқа қатысты лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады, деп хабарлады Elorda.info ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ол Қостанай облысындағы қатты пайдалы қазбалардың (никель және кобальт) ірі қорлары анықталған «Шевченковское» кен орнын барлау сылтауымен аффилиирленген тұлғаларға аукционсыз заңсыз берген деп айыпталуда.
Нәтижесінде, оның бақылауындағы компания қол қою бонусының ең төменгі құнымен өндіруге дайын кен орнын алған. Өзінің әлемдік қорлары бойынша бірегей никель және кобальт түріндегі қатты пайдалы қазбалар 100 млн. тонна 5,7 трлн теңге сомасына бағаланады. Тергеу барысында қабылданған шаралармен аталған кен орны мемлекет пайдасына қайтарылды,-делінген ведомство берген мәліметте.
Осы іс бойынша ҚР Бас прокуратурасы айыпталушы Т. Тоқтабаевты сотқа берді.
Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.