00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Астаналықтар музыкалық комедия жанрындағы жаңа премьераны тамашалады

11 қараша, 2024
Торғын Аман Торғын Аман
Астаналықтар музыкалық комедия жанрындағы жаңа премьераны тамашалады
фото: Музыкалық жас көрермен театры

Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры Алаштың ардақты ұлы Жүсіпбек Аймауытовтың «Сылаң қыз» пъесасы желісімен музыкалық комедия жанрындағы жаңа премьера ұсынды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қойылым қазақ әдебиетінің классигі, ұлы жазушы-драматург Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығына арналды. Спектакль қазақ халқының өткен ғасырдағы революция кезіндегі айрылған құндылықтарын, теңдігін, қаймағы бұзылмаған шақтарын әдемі әзілмен, ащы күлкімен, әуезді әнмен әрлеп, көрерменнің жүрегіне дәл жеткізді. Көпшілік жұп-жұмыр дүниені жып-жылы қабылдады.

Қазақ прозасының көш басында тұрған Жүсіпбек Аймауытовтың шығармасы желісімен сахналанған спектакльдің режиссері, әрі сценографы Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері Асхат Маемиров.

Жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың шығармалары қазақ сахнасында жиі қойыла бермейтіні рас. Асхат Максимұлы тың ізденіспен, өзгелерден бөлек жол іздеп, «Сылаң қызды» сол замандағы халықтың басынан кешіргендерін бүгінгі күнмен байланыстырып, дәл қазіргі күннің ең өзекті проблемаларын күлдіре отырып, қазақ қызын, отбасын тәрбиелеу арқылы көрерменге түрлі ой салады, ұлттық құндылықтардың қасиетін түсіндіреді.

Комедиялық қойылымда нәпсі тұтқынындағы адамдардың мінін, мінезін әзілмен әжуалау арқылы адам бойындағы кемшіліктерден арылту көзделген. Комедияда салық жинаушы Жабағының жалғыз қызы Бәтимаға көзбен сөз салған қоғамның үш түрлі өкілі өз қам-қарекетін, өмір сүру салтын, саяси бағытын түсіндіремін деп күлкіге қалады. Ал Бәтиманың бар арманы – теңдік, еркіндік, бостандық. Осы арманға қол жеткізу жолында бойжеткен күрделі оқиғаларды бастан кешеді. Қойылым осы кезеңнің көрерменіне түсінікті ету үшін азаттық идеясы жеке кейіпкер болып ойдан шығарылып сомдалған. Көрермен қойылымды зор ықыласпен қабылдады.

«Сылаң қыз» – қазақ драматургиясындағы тыңнан түрен салған айрықша қойылым ретінде көрерменнің көзайымына айналары сөзсіз.

«Музыкалық жас көрермен театры құрылған 4 жыл ішінде 24 қойылымның премьерасын халыққа ұсынды. Бүгін 25-спектакльдің премьерасын таныстырдық. Еліміздің театр кеңістігінде Семей қаласындағы 1915 жылдары мәдени-ағартушылық қызметпен айналысқан «Ес Аймақ» бірлестігінің шығармашылық жолы ерекше. «Ес Аймақ» труппасының алғашқы режиссері, актері, драматургы Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов болған. Ж.Аймауытов драматургиясы, суреткерлік тілі – ұлттық сахна өнерінің рухани қазынасы. Сатира, юмор, ирония бағытындағы шығармаларды сол кездегі әлеуметтік оқиғалармен байланыстырып, революцияның ұрпақ санасына әсерін, салдары мен зардаптарын күле отырып әжуалай сахналады. Аймауытов тілі, драматургиясын, «Ес Аймақ»-тың эстетикасын тану, зерделеу үшін сахналанған қойылымның тәрбиелік мәні өте зор», - дейді театр директоры Асхат Маемиров.

Жүсіпбек Аймауытов бұл шығармасында шынында да «Қазақ әйелін биікке жеткізер – оқу, өнер, кәсіп. Тәрбие – бала тәрбиесінен басталады. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» деген нақыл әрбір отбасының шырағын жағып, болашаққа қызмет етуі тиіс. Сахнада арагідік шығып, рух күзетшісі бейнесінде көрінген Қазыбек Есқара жазушының ел, жер туралы толғамдарын, тәрбиеге қатысты жанайқайын монолог ретінде көрерменге ұсынып, терең ой тастайды.  Надандық пен мешеуліктің руханиятқа жаны қас екенін сездіртіп, онымен ымырасыз күресу керектігін жеткізеді.  

                   

Премьерада шығармашылық топтың жанқиярлық еңбегін атап өтуге болады. Қойылымдағы актерлердің костюмдері, образдары керемет көркем, әрқилы болды. Әдемі костюмдердің суретшісі – Айдана Еңгебай, келісті билерді сахналаған балетмейстер – Айгүл Амандықова. Жарықты қойған суретші – Ермек Мұхтарұлы, дыбыс режиссері – Мерген Ажбаев, қоюшы хормейстер – Еламан Иманбаев, режиссердің ассистенті – Бауыржан Нұрбаев пен режиссердің көмекшілері – Еламан Иманбаев пен Азамат Болатовқа премьера соңында көрермендер ду шапалақ ұрып, айрықша құрмет көрсетті.

Ой-арманы көп бүтін бір халықты Бәтимадай қылықты қыз бейнесінде көрсеткен жазушының шеберлігі десек, ал Бәтимадай сұлу, ерке қыздың образын, бар болмысын жеріне жеткізе көркем орындаған актриса Жанель Нұрмағанбетованың шеберлігіне тағы да бір тәнті болдық. Комедияда салық жинаушы Бәтиманың әкесі Жабағы байды сомдаған Ақәділ Иманғали, Бәтиманың анасы Айсұлудың образын ғажап орындаған актриса Диана Тұржанова, оқыған жігіт Хәкімді айнытпай салған Ернар Мұхамбет,  жас ақын Нұрмаштың бейнесін сомдаған  Дінислам Нұрмағанбетов, мұғалім Әбутәліптің рөліндегі Аққанат Қуандықов, Махмұд бейнесіндегі Нұрдәулет Кеңшілік, Жабағы байдың атқосшысы Өмірзақ бейнесіндегі жас артист Ильяс Өтетілеу де өз образдарын асқан шеберлікпен алып шықты. Тіпті, сахнадағы көпшілік – сол кездің комсомол жастары, қыздар мен жігіттер сол заманның сойылын соққан нағыз белсенділер рөлінде шынайы көрінді.

Ғажайып суреткер, жазушы, ұлт перзенті Жүсіпбек Аймауытовтың өткен ғасырда жазған шығармасы қанша уақыт өтсе де өзектілігін жоймай, ұрпақ тәрбиесінде ұлағатты ізін қалдырып, болашаққа бағыт-бағдар бергендей әсер етті. Қазақ драматургиясының мықтылығы. Актерлердің шеберлігі. Алашым, алаң жұртым деп соңғы минуттарына дейін халқы үшін жүрегі соғып өткен Жүсіпбектей ұлт перзентін өмірге әкелген халық рухы, азаттығы, теңдігі тәрбиесін бесіктен бастап түзеген ел барда жасай бермек, жаңғыра бермек.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ.