Елордада жолдан өтіп бара жатқан баланы жүк көлігі басып кетті


Елордада Б.Бейсекбаев және Кенесары көшелерінің қиылысында жүк көлігі мектеп оқушысын қағып кетті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Аталған оқиғаға қатысты қалалық Полиция департаменті мәлімдеме жасады.
«Б.Бейсекбаев көшесімен жүріп келе жатқан жүк көлігінің жүргізушісі Кенесары көшесінің қиылысында бұрылыс кезінде жолды белгіленген жерде, бағдаршамның рұқсат беру сигналына өтіп бара жатқан кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кетті. Алған жарақаттарының салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнында қайтыс болды. Тергеу жүргізілуде»,- деп жазылған хабарламада.
Астана қаласының Полиция департаменті елордалықтарды жол ережесін қатаң сақтауға шақырды.
«Жүргізушілер жылдамдық режимін сақтап, қиылыстар мен жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту кезінде өте мұқият болу қажет. Ата-аналар жолдан өту кезінде балаларды қараусыз қалдырмауға және оларға жол бойындағы қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін үнемі еске салуға кеңес береміз»,- делінген хабарламада.



