Ішінде жасөспірім болған: елордада лифт тоғызыншы қабаттан құлап кетті

Астанада 13 тамыз күні «Арыстан» тұрғын үй кешенінде лифт 9-қабаттан төменге қарай құлап кетті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ол уақытта лифт ішінде жасөспірім қыз болған.
Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жасөспірім қызда ауыр дене жарақаттары анықталмаған.
«Науқас №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасына өздігінен жүгініп, қабылдау бөлімінде қажетті барлық мамандардың тексеруінен өтті. Тексеру барысында ауыр жарақаттар анықталмады. Сол себепті тұрғылықты жері бойынша амбулаторлық ем қабылдауға жіберілді»,- делінген хабарламада.
Бүгінде аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тексеру нәтижелері бойынша заңға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады»,- деп жауап берді Астана қалалық полиция департаменті
Полиция азаматтарға лифтіні пайдалану ережелерін сақтауды ескертеді.
Сонымен қатар тұрғын үй кешендерінде қызмет көрсетуші компанияларды лифттердің техникалық жағдайын тиісті деңгейде қамтамасыз етуге шақырады.



