Елімізде телефон ұрлығы 16%-ға төмендеді
ІІМ мәліметтері бойынша смартфондар, әсіресе қымбат модельдер ұрлықтың нысанасына жиі айналады, олардың кейбірінің құны шамамен 1 млн теңгені құрайды, деп хабарлады Elorda.info.
Статистикаға сәйкес, биылғы 10 айында ел бойынша 9 мыңнан астам телефон ұрлығы тіркелген. Бұл өткен жылғы тіркеуден 16%-ға төмен. Бұл ретте табылып, иелеріне қайтарылғаны – 4 мыңнан астам.
Ұялы телефондарды ұрлауға қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шараларды жетілдіру мақсатында ведомство бірқатар ұйымдастырушылық және заңнамалық бастамаларды іске асырып жатыр.
Мысалы, ЦДИАӨМ-мен бірлесіп қылмыстық жолмен алынған телефондардың қайталама айналымын болдырмау мақсатында «Байланыс туралы» ҚР заңына өзгерістер енгізілді, соған сәйкес «абоненттік құрылғыларды тіркеу қағидалары» әзірленіп, бекітілді.
Ережеге сәйкес, барлық ұялы телефондар «IMEI + SIM + ЖСН» схемасы бойынша тіркелуі керек, егер бұл байлам бұзылған болса, бұғатталуы керек.
ІІМ криминалдық полиция департаменті басқармасы бастығының орынбасары Жандос Батырбеков бүгінгі таңда телефон ұрлығының төмендеу үрдісі байқалып, олардың ашылу деңгейі артып келе жатқанын атап өтті.
Нәтижесінде соңғы үш жылда ұрланған телефондар санының 22,1%-ға, қалта ұрлығының 57,7%-ға төмендеуі байқалған. Бұл қылмыстардың ашылуы 90% деңгейінде қалады.
Сондай-ақ ұялы телефондарды ұрлауға қарсы іс-қимыл мақсатында полицейлер оларды сатып алу және өткізу орындары бойынша жедел-профилактикалық және рейдтік іс-шаралар жүргізеді. Базарлар, сауда үйлері мен орталықтары, бутиктер, жөндеу шеберханалары тексеріледі.