«Аулаға көміп тастаған»: Щучьеде баланы азаптап өлтірген өгей анасы мен әжесі сотталды


Щучье қаласында асырап алған екі жасар баласын азаптап өлтіріп, оны 4 жыл жасырып келген әйелге қатысты сот үкімі шықты. Сәбидің 65 жастағы өгей әжесі де ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz. «КТК» телеарнасына сілтеме жасап.
Ақпарат көзі мәліметінше, былтыр көктемде әйел мен зейнеткердің екі жастағы бүлдіршінді қатыгездікпен азаптап өлтірген қылмысы әшкере болған. Бес бала асырып алған отбасында бір балақайдың басы жарылып ауруханаға түседі. Сол кезде қамқоршысы шатасып, ауырған баланың емес, өлген баласының туу туралы куәлігін апарған.
Басы жарылған баланың жарақаты оқыс құлағаннан емес, әдейі ұрғаннан болуы мүмкін деп күдіктенген тәртіп сақшылары тексеріс жүргізсе, асырандылардың бірі төрт жыл бұрын көз жұмған. Оның мүрдесін жер үйдің ауласына көміп тастаған. Сотта зейнеткер кінәнің бәрін өз мойынына алып 21 жылға сотталса, әйел 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айрылды.
«Кухаль Надежда Васильевна қорытынды сот үкімі бойынша 21 жылға бас бостандығынан айрылсын. Өмір бойына педагог қызметін көрсету мен кәмелетке толмаған балалармен жұмыс істеу құқығынан айрылсын. Ал Трофимова 4 жыл 6 ай мерзімінде бас бостандығынан айырылып, кінәсін орта деңгейдегі қылмыстық атқару мекемесінде өтесін», - деді Ақмола облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот судьясы Дархан Бейісов.