Астанада синтетикалық есірткі жасырған күдікті қолға түсті

Астанада синтетикалық есірткі жасырған күдікті қолға түсті, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Елорда полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жедел-іздестіру шаралары барысында Жұбанов көшесіндегі үйлердің бірінің жанында 31 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.
Жеке тінту кезінде тәртіп сақшылары оның қалтасынан өзіне тән иісі бар көк түсті зат салынған 10 орам тапты. Кейін Honda автокөліктің салонын тексеру кезінде дәл сондай зат салынған тағы 11 орам тәркіленді. Сараптама нәтижесінде бұл орамдарда синтетикалық есірткі — «альфа-PVP» бары анықталды. Тергеу мәліметінше, күдіктіге есірткі таратушы ретінде жұмыс істеуді Telegram әлеуметтік желісі арқылы ұсынған. Ол алдын ала дайындалған, изолентаға оралған есірткі орамдарын жасырын орындардан алып, «қойма» жасап отырған.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, тергеу жалғасып жатыр.
Астана қаласы полиция департаменті азаматтарға синтетикалық және өзге де есірткі құралдарын, психотроптық заттарды «қойма» тәсілімен яғни жасырын орындарда сақтау және тарату арқылы айналымға енгізуге қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.



