Астанада Кәрім Мәсімовке тиесілі деген зәулім үй тәркіленді


Астанада ҰҚК-нің сотталған экс-төрағасы, бұрынғы премьер-министр Кәрім Мәсімовке тиесілі делінген үй әлеуметтік қажеттіліктер үшін тәркіленді, деп хабарлады Elordainfo.kz Қайтарылған активтерді басқару компаниясына сілтеме жасап.
«Астана қаласының әкімдігінен аталған жылжымайтын мүлікті қаланың әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында беру жөнінде ресми сұраныс түсті. Әлеуметтік маңыздылығы мен заңнама талаптарын ескере отырып, бұл нысан электрондық сауда жоспарынан алынып тасталды. Нысанды әрі қарай пайдалану жергілікті атқарушы органның мүдделерін ескере отырып, белгіленген тәртіппен шешіледі», - делінген Қайтарылған активтерді басқару агенттігі (KUVA.KZ) хабарламасында.
Ақпаратта елорданың Нұра ауданына қарасты Қараөткел ықшамауданындағы жекежай туралы айтылған. Бұл үй қайтарылған активтерді басқару компаниясының балансында тұрған. Нысанның бастапқы бағасы 1,6 миллиард теңгені құраған болатын.



