Астанада абаттандыру ережесін бұзған тұрғын жауапқа тартылды
«Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты экологиялық акциясы аясында Астана қаласының полиция департаменті қоршаған ортаны абаттандыру, жалпы пайдалану орындарын ластау ережелерін бұзудың алдын алу бойынша іс-шаралар жүргізуде, деп хабарлады Elorda.info Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Акция басталғаннан бері полицейлер 19 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Олардың ішінде абаттандыру ережелерін бұзу – 8166, жалпы пайдалану орындарының ластануы – 4310, жол төсемінің ластануы – 621, сусымалы жүктерді үстін жаппай тасымалдау, оқылмайтын мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері – 6740.
Мәселен, елордалық полицейлер Хусейн Бен Талал көшесінде белгіленбеген жерде құрылыс қоқыстарын тастаған ШАНСИМАН автокөлігінің жүргізушісін анықтады. Ол өзінің іс-әрекетімен қала аумағын абаттандыру ережелерін бұзды. Жүргізушіге қатысты айыппұл салына отырып, әкімшілік материал толтырылды.