Алматылық адвокат колонияға тыйым салынған затты кіргізуге тырысқан

Бүгін, 17:33
Айман Нығмет Айман Нығмет
views45
Алматылық адвокат колонияға тыйым салынған затты кіргізуге тырысқан
фото: Polisia.kz

Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің №72 мекемесінде алаяқтық бойынша күдіктіге телефон беру әрекеті тоқтатылды. Тыйым салынған зат адвокаттың сөмкесінен рентген құрылғысының көмегімен тінту кезінде табылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта адвокатты жауапқа тарту мәселесі қарастырылып жатыр.

«Біз барлық келушілерді тыйым салынған заттарды алып кіруге тырысқаны үшін жауапкершілікке тартылатыны туралы алдын ала ескертеміз. Соған қарамастан, мұндай жағдайлар, оның ішінде кейбір адвокаттар мен қоғамдық қорғаушылар тарапынан, әлі де тіркелуде», — дейді Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаменті.

Тек 2024 жылы адвокаттардың қатысуымен осындай 4 жағдай тіркелген. Осы жылдың алты айында — 12 жағдай болды.

Тағы бір оқиға 2025 жылғы ақпан айында тіркелді. Адвокат Алматы қаласының тергеу изоляторындағы қорғаудағы адамына екі телефон бермек болған. Тыйым салынған заттар табылып, тәркіленді. Іс Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралды. Сот шешімімен адвокат жауапқа тартылды.

Осы жылдың басынан бері ҚАЖ мекемелеріне 422 телефонды алып кіру әрекеті тоқтатылып, 150-ден астам адам жауапқа тартылды. Олардың ішінде адвокаттар мен қоғамдық қорғаушылар да бар. 

«Біз адвокат мамандығына және құқық қорғау қызметіне үлкен құрметпен қараймыз. Алайда мантияның астында заңды айналып өтуге тырысу әрекеті — бұл қорғау емес, бұл мамандыққа деген сенімге сызат түсіру. Заң баршаға бірдей — сотталғандарға да, оларды келуге келгендерге де», - деп атап өтті ҚР ІІМ ҚАЖ комитетінде.

Адвокаттар тарапынан өткізу режимін бұзу фактілеріне байланысты ҚР ІІМ Республикалық адвокаттар алқасына тиісті шаралар қабылдау, тіпті кәсіби лицензиядан айыру мәселесін қарастыру туралы хат жолдады.