Астанада екі дүкенге ұрлыққа түскен жасөспірім анықталды
Астанада бір сағат көлемінде екі дүкенге ұрлыққа түскен жасөспірім анықталды, деп хабарлады Elorda.info Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Астана қаласы ПД Байқоңыр ауданының ПБ криминалдық полиция қызметкерлері екі ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен 17 жастағы жасөспірімді анықтады. Тергеу барысында кәмелетке толмаған баланың таңертеңгі сағат 06:00 шамасында Сырдария көшесіндегі дүкеннің жанынан өтіп бара жатқаны белгілі болды. Бейнебақылау камераларының жоқтығын пайдаланған жасөспірім, дүкеннің терезесін сындырып кіріп, кассадан 100 мың теңге алып шыққан. Аталған дүкеннен олжамен шыққан ол, әрі қарай екінші дүкенге қылмыстық оймен бет алған. Арада бір сағат өтпестен Жангелдин көшесіндегі дүкенге келіп, ұқсас жолмен үй-жайға кіріп, ол жерден де кассадан 244 мың теңгені қолды қылған. Полицияға жеткізілген жасөспірім кінәсін мойындады және заңды өкіліне тапсырылды. Оның елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр. Ювеналды полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған баланы ерекше бақылауға алды.