Петропавлда мектепке балта мен пышақ әкелген оқушы бірнеше баланы жарақаттаған
Петропавл қаласындағы №4 орта мектептің 9-сынып оқушысы дәлізде үш балаға жарақат салған, деп хабарлады Elorda.info.
Таңғы сағат 7:50-де 9-сынып оқушысы сөмкесіне балта мен пышақ салып, мектепке кірген. 2-қабатқа көтеріліп, дәретханада басқа киім мен бетперде киіп шыққан да, дәлізде кездескен 9 және 10-сыныптардың үш оқушысын (1 қыз және 2 ер бала) жаралаған.
Зардап шеккен балалардың біреуі қан-жоса күйінде бірінші қабатқа жүгіріп түскен. Қазір олар облыстық балалар ауруханасында. Біреуіне сол жерде медициналық көмек көрсетілді. Алдын ала диагноздары – бас жарақаты және пышақ жарақаты.
Облыстық прокуратураның алдын ала мәліметі бойынша, пышақ ала жүгірген бала психиатриялық есепте тұрған. Былтыр 2 қыркүйек пен 24 қараша аралығында психдиспансерде емделген. 2-тоқсанның орта кезінен бастап оқуға кіріскен.
Айта кетейік, мектепте арнайы мамандандырылған күзет жоқ.
Облыстық Білім басқармасының мәліметінше, осы дерек бойынша қазір №4 орта мектепте тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.